Ататүрікке – атажұрттан ескерткіш
Бірде Түркия басшысы Мұстафа Кемал Ататүрік Ұлыбритания королін Түркияға шақырады. Корольді қарсы алу үшін түріктер Ататүрікті біраз дайындықтан өткізеді екен. Сөйтіп, ағылшын патшасы келеді, қарсы алады, бәрі ойдағыдай өтеді. Бұған дән риза болған ағылшын патшасы: «Кемал паша, сізге деген алғысым шексіз. Мен өзімді құдды Британияда жүргендей сезініп тұрмын», – дейді. Дәл сол кезде өтіп бара жатқан даяшы аяғы шалынып құлап, қолындағы ыдысты тұтас сындырып алады. Бүкіл жұрт әлгі ыңғайсыз жағдайға аңтарылып қарап қалады. Сонда Ататүрік сабырмен: «Мен түрік ұлтына көп нәрсені үйреттім. Тек қана құл болуды, малай болуды үйрете алмадым», – деген екен. Міне, ұлтын құлша емес, ұлша тәрбиелеген, мықты идеологиямен сусындатқан тұлғаға кеше Есілдің жағасындағы саябақта ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді.
«Кіші Азия түбегін мекен еткен түрік қандастарымыз жайында сөз қозғалғанда, сонау орта ғасырдан, дәл осы жерден – ұлы даладан өркениет үлгілерін Анадолы жеріне ала барған бауырларымызды ойға аламыз. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, қарым-қатынастың түрлі деңгейде дамып келе жатқанын қазақстандықтардың барлығы біледі. Бүгін айнымас татулықтың айғағы ретінде Астана төрінде Түрік Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу салтанатына куә болып отырмыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Нұрсұлтан Назарбаев тұлғаның ерен еңбегі мен ұлтына жасаған игілігін тізе келе, оның атақ-абыройының тек түрік жұртына ғана емес, өзгелер үшін де қадірлі екенін ескертті. «Мұстафа Кемал Ататүрік Түрік Республикасының негізін қалаушы, түрік ұлтының қайта өрлеуін жүзеге асырушы, мемлекет басқарудың ерекше үлгісін көрсете білген дарынды тұлға ретінде әлемге танымал.
Дүниежүзі мойындаған ХХ ғасырдың адамы деп есептелгенін білесіздер. Сонау аумалы-төкпелі заманда Түрік мемлекетін бөлшектеу қаупінен сақтап, елін тұтастыра алған Ататүрік аз уақыттың ішінде Түркияны тығырықтан алып шығуға барлық жағдай жасады. Азаматтық қоғам құндылықтарының қалыптасуы, жаңа әліпбидің енгізілуі сияқты әлеуметтік, экономикалық реформалар Ататүрік басшылық еткен елді дамыған, өркениетті мемлекеттің қатарына қосты. Ататүріктің мемлекет, қоғам жөніндегі өміршең идеялары бүгінге дейін өзіне тән ерекшеліктерімен әспеттеліп, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ататүрік сыртқы саясатта айрықша көрегендігін танытып, Түркияның халықаралық сахнасындағы беделін арттырды. Мұстафа Кемал Ататүрік ұлтын шексіз сүйген ұлы қайраткер ретінде мемлекет тарихында, ұрпақтар жадында мәңгі қалды. Айтулы тұлғаның есімі, оның қайраткерлігі, өнегелі өмірі, абырой-беделі тек өз халқына ғана қадірлі десек, қателесер едік», – деді Президент.
Түркияның Президенті Абдуллаһ Гүл мен премьер-министрдің сәлемін жеткізген Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Атилла Гюнай Ататүрікке көрсеткен қазақ халқының осынау құрметі үшін ықыласын білдірді. «Ататүріктің атажұртымыз Қазақстанда есте сақталуын көру – біз үшін үлкен бақыт және мәртебе», – деді ол.
Ертең не боларын ешкім біле алмайды. Әлемде бүгінгіден өзге жаңа тепе-теңдік орнауы мүмкін. Міне, сонда не істейтінімізді білуге тиіспіз. Біздің Орта Азияда тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға жақындасуға даяр болуымыз керек деген Мұстафа Кемалдың өсиетін айта келе, ол: «Көсеміміздің осы көрегендігі түркі халқы ретінде біздерді қазақ бауырларымызға құшақ жаюға әрқашан да ынталы әрі дайын болуға әзірледі. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Президент Назарбаев мырзаның да ерекше ыждағаты арқасында халықтарымыздың жақындасуы жөніндегі Ататүріктің осы өсиеті жүзеге асты. Ататүріктің өсиеті барысында ХХІ ғасырда да халықтарымыздың арасындағы мыңдаған жылдық рухани көпірімізді күшейтуді қалаймыз», – деп ағынан жарылды.
ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ БОЛСА, КІМ ҚАРСЫ?
Өткенде Әзірбайжанда өткен түркітілдес мемлекет басшыларының саммиті өткені есімізде. Елбасының айтуынша, ол жиын бауырлас елдердің бірлігін армандап өткен Ататүріктің асқақ аңсарының біртіндеп іс жүзіне асуының көрінісі ретінде болды. Сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі барша түркітілдес мемлекеттердің қара шаңырағы саналатын Қазақстан тарапынан саммит жұмысының қарауына өзінің бірқатар нақты ұсыныстар енгізгенін айтты. «Мысалы, жалпыға ортақ Түркі академиясын Қазақстанда құру мәселесін қарасақ. Оның құрамына түркі тарихы, түркі мәдениет орталығын, түркі тілдерін зерттеу орталығын, түркі кітапханасын, жалпы түркі тарихының мұражайын құру керектігін айттым. Аталған шаралар – баршамызға ортақ міндет. Себебі қазақтың жері түркі мемлекеттерінің бастамасы еді. Ондай болса, ешкім бізге мін таға қоймас деп ойлаймын», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Түркітілдес мемлекеттер осы ұсынысты қолдап, атсалысса, көмегін берсе, бұл академия бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері болады деп санайды Елбасы.
«Түрік ұлтының ұлы перзентіне елордамызда орнатылған бұл ескерткіш бауырлас ел — Түркия мен Қазақстан арасындағы берік достыққа негізделген ынтымаққа одан әрі жаңа серпін береді деп сенемін. Бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған Мұстафа Кемал Ататүрік сынды ұлы тұлғаға көрсеткен бұл құрметіміз елдігіміздің, бауырластығымыздың, қазақ елінің өсіп-өркендегендігінің белгісі болып табылады», – деді ол сөз соңында.
Түрік жерінде де қазақ халқының тарихи тұлғаларына, атап айтқанда, Мағжан Жұмабаевқа, Мұхтар Әуезовке, Абай Құнанбаевқа, Абылай ханға ескерткіштер орнатылған. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Түркия үкіметіне қазақ атынан зор алғысын білдірді.
ТАСТАН ДА ҚАСИЕТ БАЙҚАЛАДЫ...
Ескерткішке республикалық бюджеттен 87 млн 596 мың теңге қаржы бөлінген. Ескерткіш тұғырының биіктігі – 4 метр, ал мүсіндік бөлігі 4,4 метр екен. Ескерткіш мүсінді құюға 5,5 тоннадай қола жұмсалған. Авторы – Бақытжан Әбішев.
Жазушы Дүкенбай Досжан өзінің мүсінші досының қолөнерін былайша сипаттайды: «Түрік халқы оңай халық емес. Бұл ескерткіш арқылы мүсінші бұл халықтың гендік, тектілік жағынан өте жас халық екендігін айтқысы келеді. Мүсінші досым Бақытжан Әбішев өзінің барлық ой-жігерін Мұстафаның тәкаппарлығын бейнелеуге жұмсағандығы көрінеді. Ол Ататүрік бойындағы тәкаппарлықты қабағын түйіп, алысқа көз тастап тұрғандығы арқылы жақсы келтірген. Мұстафаның көрмегені жоқ. Ол азапты да көп көрген, абақтыда да болған, соғыста алдыңғы шепте болған, оқпанада да жатқан. Соған қарамастан бұл ескерткіште сілкініп түрегеліп, ұлтына ой айтқалы тұрған секілді сезіледі».
ДЕГЕНДЕЙ-АҚ ЕКЕН...
Ататүрік былай дейді: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!»
«Мен, қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын!»
«Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек! Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа басие бола алады!»
«Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының ең қасиетті, ең киелі, ең иелі қазынасы. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақылы һәм ойы!»
«Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!»