Өскеменде ата-аналарға арналған мектеп ашылды. Ерекшелігі сол, мұнда кез келген ата-ана оқымайды және бұл жерде тілге де, жазуға да үйретпейді.
«Отбасын және балаларды қолдау орталығы» және Шығыс Қазақстан облыстық балаларды қорғау департаменті бірлесіп ашқан мектептің мақсаты – бала асырап алғысы келетін ата-аналарға психологиялық және заңдық тұрғыда көмек көрсету.
«Отбасын және балаларды қолдау орталығының» директоры Светлана Иваненконың айтуынша, Қазақстан Орта Азия елдері ішінде интернат пен балалар үйінің саны жағынан алдыңғы орынды бермей тұр.
Биыл ата-ана мен балалардың жанашырлары облыстық білім департаментімен бірлесе отырып осындай интернаттардың да, ондағы балалардың да аз болуына ықпал етуге тырыспақ.
Қазақстанда бала асырап алу ұзақ-сонар үрдіс екені белгілі. Жалпы, балалар үйіне байланысты жайттардың барлығы қатаң құпия сақталатындығы да аян. Сондықтан бала асырап алуға ата-аналар тәуекел ете бермейді. Кейбірі бұл іске білек сыбана кіріскенмен, орта жолдан қол сілтеп қала береді. Ашылған мектеп сондай ата-аналарға қолдау көрсетпек. Тіпті ол жерде асырап алған балаға қалай қарау керектігі жөнінде психологиялық кеңестер де беріледі, өйткені асыранды бала түгіл, кейде ата-ана туған баласының жай-күйін, мінезін түсінбей жатады емес пе?
Светлана ИВАНЕНКО, «Отбасын және балаларды қорғау орталығының» директоры:
– Біз заңдық тұрғыдан бала асырауға ниет білдірген ата-аналарға қайда бару керектігін, қайдан бастау керектігін түсіндіреміз. Сонымен қатар ол балалармен қалай жұмыс істеу керектігі жайлы да кеңес береміз. Бала асырап алу үрдісінен шошитындар көп. Бірақ, әрине, заң солай болғандықтан, заңмен жүру керек. Әзірге келушілер аз болғанмен, кейінірек біздің көмегімізге жүгінетіндер көп болады деп күтеміз.