Биылғы көктем мен жаздың алғашқы айында солтүстікке жауын-шашын мол түсті. Бұл себілген дәннің тез жетілуіне себеп болды, сондай-ақ алқаптарда арамшөп пен әртүрлі аурулардың тарауына да себепкер болды. Қызылжарда 1 миллион 174 мың гектар алқаптағы егін септериоз ауруына шалдыққан. Фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары аурулардың тым көбейіп кетуіне егіншілікте дәнді дақылдардың бір түріне ғана басымдық беру басты себеп болып отырған көрінеді. Ал алқапты ауруларға қарсы дәрілемеген жағдайда диқандар алатын өнімнің 50 пайызына дейін жоғалтуы мүмкін.
Ауруды жоюдың қарапайым жолдары
Мамандар соңғы жылдары астықтың аурулары тым көбейіп кеткенін айтып отыр. Тұқымнан бастап, масақ шыққанға дейін егінге 10-нан астам ауру қауіп төндіреді екен. Оның жартысы тұқым арқылы келсе, қалғандары егін алқаптары мен ауа райының әсерінен болады. Әр дақылдың өзіне тән сырқаттары бар. Және егістік химиялық өңдеуден өткенімен, ауру жойылмайды, келер жылы қайтадан жұғады. Бұған – егістіктің 80-90 пайызына тек бидай өсірілуі себеп. Кеңес үкіметі кезінде егіншіліктің бірнеше түрі қатар жүргізілгені мәлім. Биыл бидай өскен далаға келер жылы күнбағыстың тұқымы себіледі, ал одан кейінгі жылы бұршақ шашылады. Яғни бидайдың ауруы күнбағысқа немесе бұршаққа жұқпай, өзінен-өзі жойылып кетеді. «Республикалық фитосанитариялық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Жұмағали Қожахметовтің айтуынша, осы қарапайым әдіс қолданылмай отырған көрінеді. Ауру топырақта сақталып, жыл сайын зардабын тигізуде.
Аурудан сақтанудың тағы бір жолы – тұқымның сапасын арттыру. Әр өңірдің климаты мен ондағы ауруларға төтеп беретін тұқым сұрыптау керек. Өкінішке қарай, ғалымдардың бұл саладағы жұмысының нәтижесі әлі көрінер емес. Күзде егіс даласының топырағын аударып тастау да көп көмегін тигізеді екен. Аурулар төменге кетеді де, топырақтың астынан шықпай қалады. Алайда шаруашылықтар қара күзде егістікті өңдеуге шығындалғысы жоқ.
Химияның зиянын кім есептейді?
Бүгінде шаруашылықтар астықты аурудан қорғаудың жалғыз жолын қолдануда. Ол – химиялық өңдеу. Яғни қоймадағы тұқымнан бастап, масақ шыққанға дейін ол тек дәріленеді. Ал бұның пайдасымен қоса зияны да жоқ емес.
Оның зиянын ауылда тұратын адамдар біледі. Жаз уақытында жаңбыр суы су емес, уға айналады. Жауын суынан шай қайнатып ішіп, кір жуу дегенді егіні көп өңірлердің тұрғындары әлдеқашан ұмытқан. Яғни егінге шашылған дәрі буланып, кейін жаңбырмен бірге қайтадан жерге түседі.
Дегенмен фитосанитария мамандары жыл өткен сайын химиялық дәрілердің зияны да азайып келе жатқанын айтып отыр. Мысалы, кезінде ең арзан, бірақ зиянды аминосоль көп пайдаланылатын, қазір ол азайған көрінеді. Дегенмен егістіктегі зиянкестерге қарсы шашылып жатқан химиялық препараттардың адамға зиянын ескеріп, зерттеп жатқан адам немесе мекеме жоқтың қасы. Ал оның өсіп шыққан өнімге қалай әсер еткені, бидайдың құрамында химиялық зат қаншалықты екені де біздің елде онша ескеріле бермейтіні шындық.
Септориоз – ең қауіпті сырқат
Ырзығын жерден көріп отырған шаруалардың биылғы күздегі орақтан күтерлері көп. Астықтың шығысы жақсы. Бір дәннен бес сабаққа дейін өнген екен. Дегенмен жауын-шашын көп болған жылы егістікке төнетін қауіп те жоғарылайтыны белгілі. Бүгінгі күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысы егіс алқабының 1 миллион 800 мың гектары тексерілді. Ал өңір диқандары биыл барлығы 4 миллион 532 мың гектарға дән сіңірген болатын. Зерттеу жұмыстары барысында мамандар егінге аса қауіпті септориоз ауруын анықтады. Бүгінде оны жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ылғалы мол алқаптарда пайда болатын аурудың тигізер зияны орасан. Алатын өнімнің жартысына дейін жоғалтып алуға болады.
Егінге аурулармен бірге зиянды жәндіктер де орасан зардап әкеледі. Әдетте алдыңғы қатарда шегіртке тұратыны белгілі. Биыл бұл зиянкес Айыртау ауданында көп байқалған. Ауданның 800 гектар жеріне шегірткеге қарсы дәрі шашылды. Қазір шегірткеден келетін зиян аздау.
Алдағы уақытта егін өнімділігіне бидайдың сұр көбелегі де зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан да фитосанитарлар осы төңіректе зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдын алу шаралары үшін қажетті дәрі-дәрмектерді де дайындап қойыпты.
Жұманғали ҚОЖАХМЕТОВ, Республикалық фитосанитариялық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының директоры:
– 1 миллион 174 мың гектар алқапқа септориоз қаупі бар екен. Тат көрінбейді. Соның 750 мыңы – өте қауіпті жағдайда. Химиялық өңдеу жасау керек. Соны диқандар енді жасап жатыр. Жартысын бітірді, алдағы 3-4 күнде қалған жартысын бітіреді деп ойлаймыз. Егінді дәрілеуге 12 ұшақ пен дельтоплан бар. Біраз аурулардың бетін қайтардық, енді бидайдың сұр көбелегі шығуы мүмкін. Ол еліміздің батысынан және Ресей жақтан ұшып келеді. Әзірге зияны қаншалықты болатынын білмейміз. Соны бақылап жүрміз.
Бидай аурулары
Бидай зиянкестеріне гессен және швед шыбындары, дәннің сұр көбелегі, барылдауық қоңыз, астық қандаласы, астық бүргесі, астық биті, обыр шегірткелері және тағы басқалар жатады. Ал негізгі аурулары мыналар: қаракүйе, тат, ақұнтақ, септориоз, тамыр шіруі және тағы басқалар.