Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков «Дублин» және «Вашингтон» тұрғын үй кешендерін сүру туралы шешімге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап .
Азамат Бердібеков 4 сәуірде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот «Стройгруп 2021» ЖШС Айтматов пен Молдағалиев көшелерінің қиылысында орналасқан заңсыз салынған құрылысты өз есебінен сүруді міндеттеу туралы шешім шығарғанын айтты.
Оның айтуынша, сот орындаушысы жауапкерге талапты орындау қажеттілігі туралы бірнеше рет хабарлаған.
«Алайда «Стройгруп 2021» ЖШС тарапынан барлық талап ескерілмеді. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысы мәртебесі заңына сүйене отырып, сот актісі талабының міндетін әкімдікке, яғни талапкер-өндіріп алушы – «Отын-энергетика кешені басқармасы» ММ-ға жүктеу туралы шешім қабылданды. Қаулы негізінде басқарма бүгін арнайы техника мен жұмысшыларды тарта отырып, сүру, яғни мәжбүрлеп орындауға бағытталған пәрменді шаралар қабылдады», - деді Азамат Бердібеков.
Құрылыс салушы сүру жұмыстарына кедергі келтірді, сондықтан іске полиция араласты.
«Ол техниканың кіруіне және сүру жұмысының басталуына жол бермеді. Бұл факт бойынша полиция қазірдің өзінде тиісті шараларды қолға алды. Оны полиция бөліміне алып кетті. Бұл - полицияның құзыретіндегі іс. Талқы нәтижелерін күтетін боламыз», - деді Азамат Бердібеков.
Ол салымшылардың құрылыс компаниясымен келісімшартты бұзуға немесе құзыретті органдарға жүгіну арқылы ақшаларын қайтарып алуға құқығы бар екенін атап өтті.
«Сондай-ақ сот шешімі заңды күшіне енбегені жайлы пікірді көзім шалып қалды. Иә, ол заңды күшіне енген жоқ. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 6 сәуірдегі шешімі бойынша бұл сот актісі дереу орындау үшін әділет департаментіне келіп түсті. Дереу орындалсын деген сот шешімі келіп түскенде, біз атқарушылық іс жүргізуді қозғаймыз. Яғни, ол орындалуға жатады», - деді Азамат Бердібеков.
«Вашингтон» ТК-ға келетін болсақ, Бердібековтың ақпараты бойынша, сот актісін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік материал жинақталды.
«Әкімшілік сот айыпталушы тарапты кінәлі деп танып, әкімшілік жазаға тартты. Сондай-ақ мемлекет кірісіне өсімпұлдар бірнеше рет өндірілді. Әрбір кешіктірілген күн үшін. Республикалық бюджетке. Ол да сүріледі. Қазіргі уақытта сот орындаушылары әкімдікпен бірге бұзу мәселесін пысықтауда. Заңсыз салынған ғимарат болғандықтан, өтемақы деген болмайды. Керісінше, сот актісін мәжбүрлеп орындауға бағытталған барлық шығын борышкерге жүктеледі. Біз сотқа жүгінеміз, олардан өндіретін боламыз. Атқарушылық іс жүргізуді орындау мерзімі заңға сәйкес - екі айдан төрт айға дейін», - деді Азамат Бердібеков.
Оның айтуынша, борышкер ТК-ны өз бетінше бұзуға міндеттелген. Егер ол мұны жасамаса, онда сот орындаушылары іске кіріседі.