Астанада ыстан уланған төрт баланың жағдайы қалай
Астана қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов иіс тиіп уланған балалардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балаларды педиатр, реаниматолог және травматолог қарап шықты. Балалардың ешқайсысы күймеген, иіс тиіп уланған. Денсаулықтары жақсарған соң, екі үлкен баланы анасы алып кетті, тағы екі бала күрделі соматика бөлімінде ем алып жатыр. Олардың да жағдайы жақсарып келеді, әзірге тұрақты. Ертең немесе арғы күні ауруханадан шығарамыз», - деді бас дәрігер ауруханада өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, Астанада екі қабатты жатақханада өрт шығып, одан 11 адам құтқарылған еді. Бір отбасының иіс тиіп уланған 2006, 2009, 2012 және 2013 жылға төрт баласы ауруханаға жеткізілді.
Бастапқы болжамға сәйкес, өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.