Астанада Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар
17 наурыз сағат 19.00 «Алау» мұз айдыны сарайында Ұлыстың Ұлы күнін тойлау іс-шаралары басталады. Мейрамның ашылу салтанаты қазақтың күмбірлеген күй, әуелеген әнімен ашылады, яғни «Алау» мұз айдыны сарайында жаппай мұзда сырғанаумен қатар «Домбыра Party» мерекелік іс-шарасы өткізілетін болады. Оған «Шалқар» радиосының тілшілері және студенттер мен мұзға сырғанауға келген бұқара халық қатыса алады. 18 наурыздан бастап 26 наурызға дейін бұқаралық көктем марафоны өткізіледі, деп хабарлайды BNews.kz.
19 наурыз сағат 15:00-де «Алау» мұз сарайы «Асық Party», яғни асық ату ойыны бойынша жарыс өткізілетін болады. Ұлттық ойын Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының және «Жастар» театрының әртістерінің қатысуымен өтеді. Сонымен қатар, бұқара халық та қатыса алады. Жарыстың басты мақсаты- Ұлы мерекені ұлықтаумен қатар ұлттық ойынды дәріптеу.
22 наурыз «Алау» мұз сарайында сағат 12:00-де жазушы, синхрондық аудармашы Қамал Альпеисованың «Тұсау кесу» рәсімі, «Мұздағы алғашқы қадам», «Қыз қуу» ойындары ұйымдастырылады. Шараға «Светоч» балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылған.