Астанада «Екі жауынгер» ескерткіші ашылды (ФОТО)
Бүгін Астана қаласында «Екі жауынгер» ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталмыш шараға 2 мыңнан астам қала тұрғыны жиналды. Шара барысында ескерткішке гүл шоқтары қойылды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
- Құрметті ардагерлер, сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Еліміздің тарихында өшпес із қалдырдыңыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт тілеймін.
Салтанатты шарадан кейін «Жеңіс жолында» атты кең ауқымды жастар акциясы өз бастауын алды. Жастар шеруі «Екі жауынгер» ескерткішінен Қ. Мұнайтпасов атындағы стадионға дейін 1,5 км созылды. Шеру барысында соғыс жылдарындағы әндер орындалды.
Стадион жанында шеруге тағы 5 мыңға жуық елорда жастары қосылды. Шеру соңында мерекелік концерт, соғыс техникасының көрмесі ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты ұлы тарихымызды ұлықтау, соғыс жылдарында өз ерлігімен отанымызды жаудан қорғап қалған ардагерлердің есімін ел есінде жаңғырту болып табылады.