Астанада алғаш рет балалар сән көрсетілімі өтті
Астанада алғаш рет Kazakhstan kids fashion show 2015 эксклюзивті балалар сән үлгісінің көрсетілімі өтті. Оған отандық сәнгерлер мен Қазақстан сән әлеміндегі жаңа есімдер, сонымен бірге батыс фотографтары, дизайнерлері мен сәнгерлер қатысты.
Балалар сән алаңы «Думан Океанариум» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды, онда театрландырылған қойылымдармен тақырыптық көрсетілімдер болды. Оған барша Қазақстаннан 100-ден астам бала қатысты. Сәнгерлермен жұмысқа хореографтар, қоюшы режиссерлер, журналистер, фотографтар, операторлар қатысты.
Мұнда өз туындыларын I ranni, Catreen Design, Slt&Zm, Asella, Bibisara, KARO MELI, Viva, Dina Lee,Hey baby сән үйлерінің, Әйгерім Қайрат, Айым Айбатыр, SAMIDEL және Италиядан келген арнайы қонақ - Екатерина Иванькова көпшілік назарына ұсынды.
Арнайы, ұйымдастырушылардың шақыртуы бойынша Астанаға бірнеше күнге Бибісара Шәріпова келді. Ол мұндай шараға тұңғыш рет қатысып отырғанын айтты.
«Мен ешқашан да балалардың сән көрсетіліміне қатысып көрмеппін. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Маған біздің дизайнерлердің кішкентай бүлдіршіндер үшін қандай киімдер үлгілерін ойлап таба алатыны өте қызық», - деді журналистерге берген сұхбатында Б.Шәріпова.
Ол модель бизнесінде 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Степногорск қаласында туып-өскен. Бүгінде сұранысқа ие манекеншілер тізіміне кіріп, әлемдік подиумды жаулады. Нью-Йорк, Милан, Париж, Токио, Бангкок, Гонконг, Сингапур сияқты қалаларда Жоғары сән үлгісі апталығына қатысқан.
Ал Қазақстан тумасы, дизайнер Екатерина Иванькова Kazakhstan kids fashion show-да жарқын түсті балалар киім коллекциясын ұсынды.
«Бұл менің алғашқы коллекциям, бұған дейін балаларға киім үлгілерін әзірлемеген едім. Бұл коллекциямды үш ай бойы дайындадым. Мені Орталық Азияның елдері, оның кең далаларында өмір сүріп жатқан адамдар шабыттандырды. Мен балалардың киімдеріне сәл ересектік сипат беруге тырыстым», - дейді модельер.
Baq.kz