Астана тәуелсіздік пен азаттықтың рухына айналды - Елбасы
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, іскер топтар мен мәдени-ағартушылық ортаның өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы биыл Астана күні айрықша мәнге ие екенін, өйткені ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында тойланатынын айтты.
- Елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шоғырландыра отырып, нақты мемлекеттің өмірін бейнелейді. Елорда - әрбір ұлттың ұстыны. Қазақстандықтар үшін Астана да осындай мегаполиске айналды. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тарихының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін - бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің рухтандырушы рәмізі. Астана рухы ғасырлық дәстүрлерді, даналықты, халықтың шығармашылығын, Қазақстан халқының өткенін, қазіргісі мен келешегін сабақтастырады. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда айнадағыдай көрініс тапқан, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдары Астанада қаланың одан әрі дамуына ықпал еткен халықаралық деңгейдегі көптеген ірі іс-шаралар өткеніне тоқталды.
- Астана ЕЫҚҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы алғашқы саммитін қабылдады, ЭКСПО дүиежүзілік көрмесінің 17-ші астанасы атанды. Мұнда әлемнің 57 ислам мемлекетінің көшбасшылары қатысқан конференция және Қазақстанды танымал еткен басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті. Бұл - біздің астанамызды әлемдік қоғамдастыққа жоғары деңгейде танылуының көрсеткіші. Астана бүгінде болашаққа көз тігеді, қаланың даму қарқыны оны өмір сапасының жаңа стандарттарының үлгісіне, бүкіл Еуразия үшін инновациялық дамудың урбанизациялық моделіне айналдырады. Мұнда жаңа өндірістер іске қосылып, шағын және орта бизнес дамып жатыр. Қала инфрақұрылымы жақсаруда, жаңа мәдениет және демалыс нысандары ашылуда, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елорда қазіргідей күрделі уақытта да қарқынын түсірмей, қалған өңірлерді қолдап, бүкіл Қазақстанға сарқылмайтын күш-қуат беріп отыр.
- Осы уақыт ішінде үлкен жолды артқа тастадық, көп нәрсе жасалды, бірақ жасайтынымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер мен құлшыныс бар. Астана біздің тәуелсіздігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инновация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл - Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, бақыт пен бақ-береке тіледі.