Аспалы жолдар алаңдатады
Басты байлық – жердің адамдарға тиесілі телімінің басым бөлігін транспорттық құралдар «иемденіп» жатыр десек, артық айтқандық емес. Кептеліс, заңды, заңсыз тұрақтар жаяу жүргіншілерді барған сайын ығыстырып барады. Енді, міне, тіпті көшені кесіп өтетін жолақ жолдарды да жүргізушілер өздеріне бағындырып алған.
Сол себепті де, яғни ірі қалалардағы иін тірескен көліктердің қозғалысын жеңілдетіп, жүйткіген жүргізушілердің кесірінен көбейе түскен адам өлімін азайту мақсатында елімізде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы жолдар салу қолға алына бастады. Әңгімені әзірге Алматыдан бастасақ, бұрындары бірлі-жарым саналған мұндай жолдар саны бұл қалада артып келеді. Оған Үкімет қомақты қаржы бөлді. Нақтырақ айтсақ, әрбір құрылыс нысанына жұмсалмақ қаражат – 60-120 млн теңге көлемінде. Әлбетте, құптарлық бастама. Алайда су жаңаға әдетте сын көзбен қарап жатамыз ғой. Бұл жолы да дәл солай: ел арасында айтылып жүрген пікірлер түрлі-түрлі әрі түйдек-түйдек. Өкінішке қарай, басым бөлігі жағымсыздау... Біз өз тарапымыздан қандай да бір пікір қоспас бұрын сөз кезегін маманға берсек пе деп шештік. Сонымен...
Гүлнәр Әбдірәсілова, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының проректоры, профессор, ҚР құрметті архитекторы:
– Жаяу жүргіншілерге арналып салынып жатқан аспалы жолдар халықаралық талаптарға еш сай емес. Біріншіден, мүгедек жандар мен бесік арба пайдаланатындарға «ұнаса да – осы, ұнамаса да – осы» дегендей, әйтеуір, бір көтерілгішті жасай салған. Ол өте ыңғайсыз.
Кез келген архитектуралық құрылыс адамдарға қолайлы, қолжетімді болуы тиіс. Әлемде әрбір он бесінші адам – мүгедек. Мәселен, өркениетті елдерде бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ал біздегі жағдайға келсек, мүгедек жандарды қорлағандық дер едім. Қытайда мүгедек жандарға барлық жағдай жасалған.АҚШ-та ормандарды кесіп өтетін жолдарда, адамды айтасыз, аңдардың жағдайы ескерілген.
Ал бізде, мысал айтайын – мүмкіндігі шектеулі топтағы адамдар мен бесік арбамен жүретіндер үшін әл-Фараби даңғылынан өту тіптен қиындап кететін сыңайлы. Тек бағдаршамда болмаса. Ал бір бағдаршам мен келесі бағдаршам ортасының арақашықтығы кімге болса да белгілі.
Екіншіден, мұндай аспалы жолдарды қауіпсіз деп айтпас едім. Тіпті сау адамдардың өздеріне көтеріліп, түсу қиынға соқпақ. Былайша айтқанда, баспалдақтар тіктеу жасалған. Жобада да, құрылыс жұмыстарында да асығыстық болғаны көрініп тұр.
Негізі, жобаны тәжірибелі деген архитекторлармен келісіп, жан-жақты талқылап барып жасау керек еді. Қомақты қаржы жұмсалғанын да білеміз. Сол қаржыға сапалы, әлемдік стандартқа сай етіп салуға әбден болатын еді. Қандай архитектура болсын, қазығы қағылғаннан-ақ ұзақ мерзімге қызмет ететіндей деңгейде салынса, қандай жақсы.
Ал Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары, біз күткендей-ақ, айтылып жүрген сын-пікірлерге қарсы:
– Құрылыс басталмас бұрын бұл жоба «жеті рет өлшеніп барып, бір рет кесілді». Тиісті орындардың тексеруінен де өтті. Өткен жылы 12 аспалы жол салынса, биыл сегізін салу жоспарланып отыр. Мүгедек жандар мен бесік арба пайдаланатындар ескерусіз қалған жоқ. Аталған топтағы жандардың аспалы жолдан қиындықсыз өтуіне бар мүмкіндік жасалғалы отыр, яғни лифт ойластырылған.
Архитектор Гүлнәр Әбдірәсілова босқа шыр-пыр болмапты. Оның сөзін «Қазақстан мүгедектер ұйымы» одағының төрағасы Әли Аманбаев растап отыр. Оның айтуына қарағанда, жер асты болсын, жер үсті болсын, қандай құрылыс нысандарын айтсақ та, соған жауаптылар «Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» ҚР Заңын ескермей отыр. Сөз болып отырған жаяу жүргіншілерге арналған аспалы жолдың жобасын жасап, оны техникалық тексеру кезінде мүгедек жандар атынан арнайы өкіл қатысуы керек екен. Шынымен де, ненің қолайлы, ненің қолайсыз екендігін дәл мүгедек жандардың өзіндей ешкім тап басып айта алмасы анық.
«Аспалы жолдардағы көтерілгіштер өте қолайсыз. Оның көлемі де, сапасы да көңілімізден шықпады. Егер күн қатты аяз болса, шытынап, сынып кетуі ғажап емес. Ал ең бастысын айтсам, ондағы лифт іспетті құрылғы көлденеңінен баяу жылжып отырады. Менің есептеуімше, оған жоғарыға көтерілгенше 5-6 минут кетеді. Оған ыңғайланып отырамын дегенше тағы екі минут уақыт қажет. Сонда жолдан өтемін дегенше қанша уақыт жұмсалатынын өздеріңіз есептей беріңіздер. Ал сол екі аралықта лифтінің көмегімен ғана қозғалатын тағы біреу келіп қалды делік. Ол сонда күтіп тұрып қалмай ма?» – дейді Әли Аманбаев ренішін жасыра алмай. Оның ұсынысына құлақ түрсек, ең дұрысы, көтерілгішті тігінен қозғалатындай етіп орналастырған жөн екен. Әрі оңай, әрі қауіпсіз. «Қанша айттық, құлақ түрген ешкімді көрмедік», – дейді ұйым төрағасы.
Өз кезегінде Әли Аманбаев мұндай құрылғыларды жер асты өткелдеріне де қою керектігін айтып қалды. Өкінішке қарай, жер асты өткелдерінде арбамен жүретіндер мүлде ескерусіз қалғанға ұқсайды. Әли Аманбаевтың жер асты, жер үсті өткелдеріне бейнебақылау камераларын орналастыру керек дегенін тиісті орындар қалай қабылдар екен, ол жағын білмейміз. Ал, шынымен де, техниканың аты – техника, ол аяқасты істен шығып қалса, көтерілгіштің ішінде отырған адам не алға не артқа жылжи алмай, орта жолда қалып қойса ше?.. Ол да мүмкін.
Негізі, осы сынды пікірлер көп айтылып кеткендіктен болар, жергілікті әкімшілік кеткен кемшіліктерді жоямыз деп отыр. Кім біледі... Бірақ, егер құрылыс сол алғашқы жобасымен салына беретін болса, мүгедектер құқықтарының бұзылғандығын алға тартып, тиісті орындарға шағымданбақ.
Жаяу жүргіншілерге арналған аспалы жолдар бірқатар елде бұрыннан бар. Оны салудың барлық елге ортақ техникалық ережелері да жасалған. Мамандардың «әлемдік стандарт» деп отырғандары – сол. Біздің елдің өзінің стандарты бар ма, білмедік, әйтеуір, хабарласқанымызда Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары құрылыстың барлық нормативтік құжатқа сай екендігіне сендіргісі келді. Олардың мәлімдеуінше, кейінгі жылдары салынып жатқан аспалы жолдар көлденеңінен есептегенде 2-2,5 метрді құрайтын көрінеді. «Дұрыс болмай бара жатса, кейін жөндей салармыз» деген үйреншікті жаман әдетке салынудың арты опық жегізерін ұмытпайық.