Әсем Шаяхметованың отбасына Астанадан апта соңына дейін уақытша баспана беріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақмыс Корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сілтеме жасап.
"Пәтер сатып алу туралы сөз айтылып жатқан жоқ. Оларға компания жалға алған пәтерде тұруға мүмкіндік беріледі деп уәде етілді. Қазіргі уақытта түрлі мәселелер қарастырылып жатыр. Апта соңына дейін бұл мәселе шешілуі мүмкін. Егер ата-анасы пәтерді таңдаса, баспана ауруханаға жақын маңда болуы керек. Қазіргі уақытта олар "Қазақмыс" есебіне қонақ үйде тұрып жатыр", - деп хабарлады компания өкілдері.
Бұған дейін Ан-2 ұшағының апатынан бір өзі ғана тірі қалған қыздың анасы қызының емі мен қайта қалпына келу процесі ұзақ болғандықтан Астанадан пәтер беруді сұраған еді.
Еске сала кетейік, 20 қаңтар күні сағат 15.40-та Жамбыл облысы Шатыркөл кен орны ауданында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. "Қазақмыс" баспасөз баянында "Олимп Эйр" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі ұшақтың Балқаш - Шатыркөл бағыты бойынша ұшып бара жатқаны хабарланды. Ұшақтың апатқа ұшырауына тұман себеп болуы мүмкін. Ұшақ бортында жеті адам болған, арасында экипаждың үш мүшесі бар.
Жалғыз тірі қалған 1986 жылғы Әсем Шаяхметова жуырда Астанадағы қалалық аурухананың көпжарақаттылық бөліміне жеткізілген еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол бір жылдан соң түгел сауығып кетуі мүмкін. Ауруханаға түскен алғашқы үш күнде оған 5 рет ота жасалды. Ан-2 апатынан аман қалған Әсем Шаяхметованың ағасы Азамат қыздың әңгімесі бойынша төтенше оқиғаның қалай болғанын айтып берді. "Қазір ол есін жиған күйі сөйлеседі, бәрін түсінеді. Ол ұшақ есігінің жанындағы орында отырған, сол орын ғана бүтін күйі сақталған, қалған орындардан ештеңе қалмаған. Ол 30 минуттан соң оянған кезде қасында борт-механик жатқанын айтты. Ол "көмектесіңдер!" деп айқайлай бастайды. "Содан кейін директор Ғабит Төлеубаев жатқанын көрдім" дейді, бұл оған толық аты-жөнін айтып сөйлесе, ол бұрылып қарамайды. Оның айтуынша, ол жерде бір метрден асатын қар болды, ол қарды қаза бастаған", - деді Азамат Шаяхметов Tengrinews.kz тілшісіне. Шаяхметовтің айтуынша, қызда сирек кездесетін төртінші топтағы қан болғанымен, оған жеткілікті деңгейде қан жиналды. "Қазақмыс" қызметкерлері, Азаматтың достары мен басқа да қазақстандықтар қан тапсырған.
Оқиғаны тергеуге арнайы комиссия құрылды. Тергеудің қорытындысы екі-үш айдан кейін белгілі болады. Қазір Шаяхметова отыра алады, алдағы уақыттарда дәрігерлер оның жүріп-тұра алуына жағдай жасап жатыр.