Ашаршылықта қырылған халықтың санын әлі де зерттеу керек
«Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы...» деп Қадір Мырза Әлі айтпақшы, қазақ тарихының ашылмаған қыры мен сыры жетерлік. Бір ғана ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталған ашаршылықтан қанша қазақ қырылғанын әлі де дөп басып айта алмай келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кеше «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулеттік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде осы мәселені тарихшылардың қаперіне салды. Әрине, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, тарихымыздың ақтаңдақ тұсын ақтарып салатын кез әлі де келер.
Елбасы бұл нәубет көптеген зерттеуді қажет ететінін атап өтті. Президент қазақтың қолдан жасалған зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі екенін де еске салды. «Тек 1932-1935 жылдары ең кемі 1,5 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Мұны әлі зерттеу керек, әрине. Біз сол уақыттағы басшылардың өзіне қолайлы етіп берген есебіне ғана сүйеніп отырмыз. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, неше түрлі мемлекеттерге жер аударылып кетті. Сол жылдары нәубетке ұшырамаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Көптеген ауданда неше түрлі жағдайлардан қырылған адамдардың есебі жоқ», – деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұның барлығы сол кездегі Кеңестік биліктің, тоталитарлық саясаттың қолдан жасаған зұлматы екенін айтты. Ашаршылықтың алдындағы ұжымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзғанын да тілге тиек етті. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына тек 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді. «Егер де сол ашаршылық болмаған кезде, ендігі қазақтың саны қанша болар еді, өздеріңіз есептей беріңіздер», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұл ашаршылық тек қазақ даласын ғана шарпыған жоқ, Ресей, Украина, Беларусь жерлерін де қамтыды. Президент айтпақшы, алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады.
Міне, осындай қайғылы тарихымызды ұмытпау сол нәубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Осыны ескерген Елбасы халықтың қасіретті сәттері әрдайым елдің жадында болуы тиіс екенін жеткізді. Сол үшін арнайы ескерткіш те ашылып отыр. «Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Есімізде болуы керек. Сондықтан да біз Астананың қақ төрінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатып отырмыз. Бұл, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондаған біздің бабаларымыздың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіретті бастан өткергенін біліп жүруіне тағылым», – дейді Президент.
Елбасы бүгінгі күнге шүкір айтуды да ұмытпады. Жеткен жетістіктерімізге де тоқталып өткен ол халықтың саны жыл сайын 1,5-2 пайызға өсіп отырғанын жеткізді. «Мұның барлығы медицинамыздың септігінен. Бүгінде елімізде өлім-жітім азайып келеді, әсіресе ана мен бала өлімі қысқаруда. Азаматтарымыздың өмір жасы ұзарып, бақуатты өмір сүруде. Соңғы төрт жылдың ішінде-ақ қазақстандықтардың орташа ғұмыры 65 жастан 70 жасқа дейін өсті. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Жақын арада халқымыздың санын 20 миллионға дейін жеткізуге ниет етіп отырмыз, оған жағдайымыз жетеді», – деді Елбасы. Солай болғай...
Мансұр ХАМИТ (фото)
ЕСКЕРТКІШТЕ НЕГЕ 1920-1921 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШТЫҚ ЕСКЕРІЛМЕДІ?
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымының докторы:
– Мұндай ескерткіш біз үшін өте қажет. Тек ескерткіштің бір нәрсесіне көңілім толмай тұр. Біз неге «1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» деп, 1920-21 жылдарда болған аштықты ескермей қоямыз? Сондықтан да бұл ескерткішке «1920-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» деуіміз керек еді. Сол кезде ашаршылықтан қырылған адамдардың саны анықтала түсетін еді деп ойлаймын. Елбасы да бекер айтқан жоқ. Қазіргі күні тарихтағы аштықтан өлген қазақтар санының ала-құлалығы ғалымдар үшін үлкен сын. Құрбан болған адамдар санына байланысты тартыстар әлі де болады. Жаңа да бір кісінің әңгімесінен естіп қалдым, ол кезде бір отбасында 10-13 баладан кем болмаған, ал соның ашаршылықта тек біреуі ғана тірі қалған. Содан-ақ ұлттық трагедияның қаншалықты зор болғанын көруге болатын секілді.
НАҚТЫ ДЕРЕК РЕСЕЙДІҢ МҰРАҒАТЫНДА САҚТАЛУЫ МҮМКІН
Қалжан РАХЫМЖАНОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты:
– Қазақ тарихындағы ең зұлматты, ең қасіретті кезең – осы ашаршылық. Бұл ашаршылықтан қырылған халықтың саны тарихта әртүрлі айтылады. Ал, негізінен, Кеңес өкіметі өзінің отарлау саясатын жүзеге асырып, өз идеологиясын қазақ даласына жүргізу үшін қазақтың санын 50 пайызға кемітуді көздеген еді. Ал ол кезде халықтың саны тарихта 6 миллион болды делінеді. Бірақ қазақтың саны бұл саннан да көп болуы мүмкін. Себебі тарихта 1916 жылға дейін қазақтың саны 10 миллион болды деген де дерек бар. Бұр деректі Түркиядағы бір ғалым келтіреді. 1916 жылдан ашаршылыққа дейінгі аралықта қазақтың саны 6 миллионға дейін қысқарып қалатындай оқиға болған жоқ. Сондықтан да ашаршылық мақсатты түрде жасалғандықтан, бұған қатысты нақты дерек Ресейдің мұрағатында сақталуы мүмкін.