Астана қаласында ашылмақ «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің сәулеттік композициясы негізінен екі мазмұндық бөлімге негізделген.
Монументтің негізгі идеясы Әйел-Ана, бала және балбалтас бейнелеріндегі мүсіндік ескерткіштерден көрінеді. Көкке қолын жайып, жалбарына Тәңірден жәрдем сұраған әйел-ана бауырына тығылған ұрпағына өмір тілейді. Қазақ халқының ұғымында әйел – тіршіліктің тірегі, өмірдің өзегі, отбасы бүтіндігінің ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы ана. Сондықтан композициядағы Әйел бейнесі аштыққа ұрынып, қырғынға ұшыраса да, өмір жалғасын жоғалтпаған қазақ ұлтының күйін көрсетеді.
Анасының қалқасына тығылып, тіршіліктен қорған іздеген аш-жалаңаш, арып-ашқан бала бейнесіндегі сәби мүсінінде жалаң аяқ, жалаң бас сәби қолына ауыздықты ат жүгенін ұстап тұр. Мұнда екі түрлі идеяны көруге болады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен халықтың малын сыпыра жиып, тәркілеген зұлым саясаттың кесірінен қазақ халқының күнкөрістің негізгі көзі – төрт түлігінен айырылып, жүген ұстап, жаяу қалғаны белгілі. Екінші қырынан алғанда, ауыздықты ат әбзелін сәбидің қолынан көру зұлматқа ұшырап, нәубет кешсе де, елдің ертеңгі жүген ұстар ер-азаматтарының бар екендігін, олардың қиындыққа мойымай, қайсарлықпен өсіп келе жатқандығын білдіреді. Бала бейнесі алыс көкжиекке сенімді көзқараспен көз жіберіп, аяғынан нық тұр.
Сондай-ақ композициялық мүсіндер орналасқан дөңгелек жерошақ бейнесіндегі шеңбердің ішінде Ана мен бала бейнелерімен бірге, әдетте қазақ халқының ескі қорымдарында орнатылатын балбалтас мүсіндері қойылған. Өмір мен өлім – бір шеңбердің ішіндегі алма-кезек дүние. «Дөңгелек, шеңбер» ұғымы – түркілер үшін тіршіліктің аса маңызды басқышы, «аспан, үй, шаңырақ» ұғымдарымен ұштасатын «шексіз тіршілік» танымына негіз болған. Бұл көріністе жоба авторы аштыққа ұрынып, өмірден мезгілсіз құрбан болған о дүниелік жандар мен тірі қалғандар арасындағы байланыстың ешқашан да үзілмейтін құдіретін көрсеткісі келген.
Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған қабырға «Қасірет керегесі» деп аталады. Кереге көрінісінің жалғасы біртұтас биік қабырғаға ұласады. Бұл аштыққа ұрынып, қырғынға ұшыраған алдыңғы буынның өмірін жалғастырушы кейінгі ұрпақтарының қонысы берік, қорғаны нық болып, алаңсыз өмір, бақуатты ғұмыр кешетін жарқын болашағын білдіреді.
Қабырғаның сол жақ қапталына «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына мәңгілік тағзым» сөйлемі жазылған.
Монумент елорданың туристік орталықтарының бірі болып саналатын Абай және Республика көшелерінің қиылысында 0,175 га жер аумағын алып жатқан шағын алаңға қойылған. 21,0х21,0 шаршы метр көлемдегі арнайы төселген платформа үстінде орнатылған Әйел-Ана образындағы ескерткіштің биіктігі – 4,4 метр, басқа сәулеттік мүсіндер – 1,2 және 2,5 метр.
Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған «Қасірет керегесі» қабырғасының биіктігі – 5 метр, ұзындығы – 23 метр.
Ашаршылық құрбандарына арналған монумент
Последние статьи автора