Кеше елімізге танымал боксшы, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Жамбыл облысындағы Айша-Бибі ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды.
Жамбыл облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақтияр Артаев Жамбыл ауданының әкімі Махамбет Дүйсебаевтың өкіміне сәйкес ауыл басшысы болып тағайындалған. Сөйтіп, 26 жастағы чемпион облыстағы ең жас әкім атанды. Бұл жаңалықты танымал боксшының жеке жаттықтырушысы растады.
Нұрлан Ақүрпеков, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Бақтияр маған спорттан 1,5 жылға қол үзіп, демалатынын айтты. Оның әкім болатыны да алдын ала хабарланған-ды. Енді спортшының боксқа қайтып келу-келмеуі белгісіз. Бірақ бұл қызметін адал атқаратынына сенімдімін.
Бізге Бақтияр Артаевтың өзімен тілдесу мүмкін болмады. Өзінің қауырт жұмыстарымен жүргенін айтқан ол сұрағымызға жауап беруге уақыт бөле алмады.
2004 жылы Афиныда өткен Олимпиадада 69 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Жарыстың соңғы күнінде ел қоржынына алтын медаль салған спортшы сол жолы ең үздік боксшы ретінде Вэл Баркер кубогын да жеңіп алған болатын. 2005 жылы әлем чемпионатында қола медальді ұтып алса, бір жылдан кейін Азиада ойындарында күміс жүлдені иеленді.