Арқалықта полицей 5-қабаттың балконынан құлаған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін таңғы сағат 05:30-да қаланың Жедел басқару орталығына өтіп бара жатқан адамдардан қыздың балконнан тайып, бірақ темірді ұстап үлгергені туралы хабар келіп түсті.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Капсаматов жетті.
Жағдайды бағамдап, Алмат Әмірхан далада қалып, ал серіктесі бесінші қабатқа көтерілді.
Осы кезде ілініп тұрған қыз бесінші қабаттан құлап кетті. Төменде тұрған полиция қызметкері оны қағып алуға ұмтылып, өз денесімен соққыны жұмсартып қалған. Осының арқасында 29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ.
Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірхан түрлі дене жарақатын алды, әсіресе аяғына зақым келген. Оған медициналық көмек көрсетілді.