Арқада қыс жайлы болса да, ақбөкен ауып келмей тұр

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Арқаның Бетпаққа ұласар тұсындағы ауылдар кешке мал өрістен қайтар тұста тайлы-тұяғы қалмай сыртқа шығатын. Құрық, бишік ұстаған ересектермен бірге балалар да қора-там үстіне шығып, құба қыр жақтан үдере келе жатқан малмен аралас-құралас ауылға екпіндей шауып жетіп қалатын қызыл-қоңыр тасқынға алаңдап қарап тұрар еді. Бұл сол жылдары қазақ даласында саны 1,5 миллионға жетеғабыл болып өскен ақбөкендер тасқыны еді. Даланы тұтаса қаптап мекен еткен киіктер ауылдарға да еніп кететұғын...

Қазір мұның бәрі аңыз тәрізді. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардағы бұл­ғақ тұсында мыңдаған киік жойылып кетті. Биылғы ресми мәліметтер бойынша, қазақ сахарасындағы киік саны 80 мың­ның үстіне шығыпты. Өткен жылы қырылып қалған Үстірттегі және Арал-Маңғыстау ара­лығындағы популяцияны қоспағанда, Бет­пақдала киіктерінің саны 49 мыңға же­теді екен. Бұрынғы атақ-айбар, даңқ-дақ­пыртынан жұрнақ-жұқана ғана қалған маң даланың маңғаз перзенттерінің жойылып кетуі онсыз да құлазып жатар Бетпақдала­ның әрін қашырғаны анық. Ал ғалымдардың зерттеулері бойынша, киіктің жойылуы қазақ даласының тозуына, топырақ қыртысының құнарсыздануына әсер ететін фактор екені анықталып отыр. Мәселен, мыңдаған киік жүріп өткен даланың топырағы қопсып, жа­н­уардың тұяғына ілінген өсімдіктер тұқымы шашылып, жер жаңарып отырған. Оның сыртында жүз мыңдаған киіктің құмалағының өзі Бетпақтың құмына сіңіп, тыңайтқыш рөлін тұрақты атқарып келген ғой.

Бір қызығы, киіктер далалық аймақта өсетін өсімдіктердің ішінде 82 түрлі (!) шөппен қоректенеді екен. Киіктердің ар­қасында дала жыртқыштарынан бастап, ұсақ шыбын-шіркейге дейінгі аралықтағы қоректік тізбек реттеледі.
Соңғы он жылда ақбөкендердің аза­йып кетуі мәселесі халықаралық деңгей­де көтеріліп, 2002 жылдан бері түрлі үкі­меттік емес ұйымдар Бетпақдалада жо­рықтар ұйымдастырып келеді. Ауқым­ды экологиялық қордың (АЭҚ — GEF) шағын гранттар бағдарламасы бойынша ар­на­йы жоба ұйымдастырылып, қазір «Ар­лан» ұйымы тұрақты зерттеулер жүргізуде. Зерт­теушілер Бетпақтың бұйраттары ара­сынан бір топ киікті қуалап отырып, арнайы құрылған жүз метрлік тор аранға қамайды-мыс. Киіктер торға енгізілгеннен кейін осы сәтті күтіп, жасырынып жатқан ғалымдар небәрі төрт минут ішінде жануардан қан алып, мойнына арнайы құрылғы орнатылған тұмар тағып жіберуі керек екен. Егер бұл шаруа төрт минуттың ішінде орындалмаса, торға кіргенше аласұрып, денесі қызып келген жануардың тәніндегі зат алмасу процестері арқылы бүкіл қалпы өзгеріп кетеді екен. Жақында қарағандылық ғалым Аманай Мырзабаев GEF-тің қолдауымен «Дала экожүйесі» атты ғылыми еңбегін баспадан шығарды. Аталмыш кітапта ақбөкендердің далалық аймақтың экологиялық жүйесіне әсері жайлы жан-жақты жазылып, ғалым киіктердің саны соңғы бірер жылда өсіп келе жатқанын айтыпты. Тек өткен қатал қыс биыл тағы қайталанса, жазықсыз жануарлар қырылып кетуі әбден мүмкін дейді. Оның сыртында Бетпақдаланың бір пұшпағында ғана қалған киіктер әлі күнге «Қызыл кітапқа» енгізілмей отыр. Ал бұрнағы жылдары түрлі деңгейлердегі басқосуларда киіктердің саны 70 мыңнан асса, аулауға рұқсат берілуі керектігі де әңгіме болып қалғаны да есте. Биыл киік саны 80 мыңнан асты деп отырмыз. Даланың еркін, ерке жануарын енді бір 10-15 жыл көзіміздің қарашығындай сақтасақ, олар мекен ететін дала да, топырақ қыртысы да қайыра қалпына келіп, берекесі енер ме еді?!.
Аманай Мырзабаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, биология ғылымының кандидаты:
– Киіктер қазақ даласында сонау мамонттармен бірге тас дәуірінен ғұмыр кешіп келеді деуге болады. Оған үңгірлердегі суреттерде торсықтанау киік бейнелері куә. Сол дәуірлерден бері киіктер еш өзгермеген. Киіктің жүрегі далалық жабайы жануарлардың ішіндегі ең үлкені болады. Өйткені күніне 10-20 шақырым аралығында жайыла көшіп, шапқылап жүретін киік ағзасында қан айналымын реттеу үшін үлкен жүрек керек қой. Киіктерді ең ежелгі дәуірден бері бар дегенімізбен, олардың аталықтары ұрықтану процесіне өмірінде бір рет қана қатыса алады. Ұрпағын жалғауға бір рет қана мүмкіндік беріледі екен. Өйткені киік өзінің кемел кезіне үш-төрт жасар шағында келеді. Күйек сәтінде аталықтарының езулерінен көбік шұбырып, алқымын сақал орап, буырқанып, таңнан кешке дейін өзара сүзісіп, табынға таласумен болады. Күйек кезеңі өткен соң, бар қуат-күшін сарқыған аталықтар тек қармен ғана қоректеніп, саяқсып қалады. Әбден титықтағандықтан, жанына жақын бар­ғанда да дір-дір етіп, қозғала алмай тұратынын байқағанбыз. Қасқырға да, браконьерге де арзан олжа болады сондықтан. Киіктің аталығы мүйізді болатындықтан, мүйіз жинаушылар да жау келеді ғой. Осы себептер арқылы киіктердің аталықтары аз жасайды әрі саны да аз. Қазір көшедегі жапсырма жарнамалардан «киік мүйізін сатып аламын» деген хабарландыру әредік көзге түсіп қалады. Ел ішінде киік мүйізінің емдік қасиеті туралы дақпырт әлі басылмаған. Киік мүйізінің адам­ның бойына күш бітіретін қасиеті бары анық. Бірақ біздің елден жиналған киік мүйіздерін қабылдайтын қытайлықтар оны көбіне косметикалық заттар жа­сауға пайдаланады.
Менің өз ойымша, киік қазақ да­ла­сының толыққанды сипатын бере ала­тын жалғыз жануар деуге болады. Ег­ер Қазақстанда жазғы олимпиада­лық ойындар өткізілетін болса, мен бірден киіктің суретін сол олимпиаданың сим­волы ретінде ұсынар едім. Және оның толық қолдау табатынына сенімдімін.

Керек дерек
Киік сыртқы дене бітіміне қарағанда ірі қой сияқты. Көзі үлкен. Аяғы жіңішке, басын тыныштық кезінде жерге көлбеу ұстайды. Аталығы мүйізді. Құйрығы, құлағы қысқа. Ірі бөкендердің салмағы 60 келіге дейін жетеді. Қазақ даласын мекен ететін киіктер әлемдегі ең үлкен киіктер болып саналады.
Ақбөкендердің аталықтары төрт-бес жыл ғана өмір сүреді, аналықтары ұзағырақ жасайды.
Дала төріндегі киіктер қосыны жөңкіліп келе жатқан кезде аталықтары алыстан келер қауіпті ескерту үшін шауып келе жатып, 45 градус көлбеу жасап, бір метр биікке дейін секіріп түседі екен. Бұл киік тілімен айтқанда «сақтаныңдар, қауіп бар» деген белгі екен. Бұл секірісті киік лақтары да шартты рефлекс ретінде қайталайды екен.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста