Аралтөбелік оқушылар асық ойнап та қатарластарынан озуға болатынын дәлелдеді
Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы мектеп оқушылары арасында соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында биыл 4 мәрте «Асығың алшысынан түссін» деп аталатын спорттық жарыс өтті. «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл сайыста ұлдар арасында асық пен ләңгіден, қыздар арасында секірмектен өзара күш сынасты.
Әрбір сынға командалардан бес-бестен ойыншы қатысып, жеңімпаздар жекелей және командалық нәтижелері бойынша жеке-жеке марапатталды. «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Батима Қабдолданованың айтуынша, бас жүлдені жеңіп алған топқа берілетін ұйымдастырушылар тағайындаған «Асығың алшысынан түссін!» ауыспалы кубогы жыл бойы жеңімпаз топтың мектебінде сақталады. Егер бұл мектептің командасы жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыста қатарынан 3 мәрте, жалпы командалық есепте үздік шығатын болса бұл кубокты біржола өзінде қалдыруға мүмкіндігі бар. Мәселен Аралтөбе ауылының оқушылары бұған дейін алғашқы 2 жарыста жеңімпаз атанғанымен өткен жылы Басши ауылындағы Райымбек батыр атындағы мектептегі құрдастарына есе жіберіп, кубоктан айырылып қалған еді. Биыл оны өздеріне қайтарып, көңілдері бір көтеріліп қалды. Олардың командасындағы 15 оқушы енді жеңімпаз ретінде дәстүр бойынша жазғы демалыс кезінде Алматыға тегін саяхаттап қайтатын болды.
Балалардың бос уақытта мергендікке, ептілікке, тапқырлыққа баулитын ойын түрлерімен айналысуын насихаттап, оған қолдау көрсетіп жүрген «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева: «мұндай жарыстар барлық ауылда өтуі керек. Оған өз ауылының болашағына бей-жай қарамайтын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ұйтқы болуы тиіс. Өйткені қазір теледидар, компьютер, планшет, смартфон, айфон, телефон сияқты түрлі коммуникация құралдарының өмірге дендеп енуінен зардап шегушілер арасында балалардың саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Бұрын көзілдірік тағатын оқушылар ауылдық жерде ілуде біреу болса, қазір мектептің әрбір сыныбында кездесуде. Компьютер ойындары баланың көз жанарын ғана әлсіретпей, оның психологиясын бұзып, ашушаң, қатігез, мейірімсіз ете бастағанын әлем ғалымдары бүгінде ашық айтып жүр. Оның алдын алу үшін салауатты өмір салтын насихаттап, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда ата-ана мен мектеп ұжымы өз іс-әрекетін бірлесіп жүзеге асыруы қажет», – дегенді айтады.