Ақтөбелік 9 жастағы жеткіншек ұлттық ойын-сауық саябағының жобасын жасады
Баланың қиялы шексіз. Ақтөбелік 9 жастағы жеткіншек ұлттық ойын-сауық саябағының жобасын жасады.
«Балалар бастауы» әлеуметтік жобалар байқауына қатысқан Даниал Сәрсенғали жүлделі орынға ие болды. Көпшіліктің таңданысын тудырған жоқ, енді республикалық байқауға қатысады.
Саябақта ұлттық салт-дәстүр дәріптеледі. Кішкентай Даниалдың қиялының ұшқырлығында шек жоқ. Саябақтың дәл ортасында «Алтын сақа» деп аталатын үлкен ғимарат тұр. Асық үлгісінде салынған нысанда ұлттық жәдігерлер қойылған шағын мұражай болады. Сондай-ақ ұлттық ас мен сусындар сатылатын дәмханалар орналасады. Ешқандай фастфуд тағамдарын таппайсыз. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Жаңылсын Жарылғасова, Д.Сәрсенғалидың сынып жетекшісі:
- Саябақта өздеріңіз көріп отырсыздар, есігінен кіргеннен бастап, ішіндегі барлық мазмұны ата-бабаларымыз қалдырған салт-дәстүрі дәріптеледі. Алтыбақан, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындар ойналады.
Саябақтағы гүлдердің өзі қазақы ою-өрнек ізімен егіледі. Бұл жерге халық ертегілерінің бас кейіпкерлері - Ер Төстік, Алдар көсе, Қожанасыр мен Таусоғардың тастан жасалған бейнелері орналастырылады. Балаларға асық ойнайтын арнайы алаң да салынады. Даниал өз жобасы туралы сағаттап әңгімелеуге дайын. Әлі де біраз ойлары бар, соны іске асырсам дейді.
Даниал Сәрсенғали, «Балалар бастауы» әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы:
- Қыран құс деген құс бар, оның қанатынан су бүркіп тұрады. Бұл жақта ұлттық кәдесыйлар сататын дүкендер бар. Оның ішінде түрлі кәдесыйлар сатылады. Алыс шетелден келген адамдар оларға қарап, таң калады.
Саябақ қонақтарын таң қалдырамын деген бала барлық ұсақ-түйекке мән берген. Кәдесыйлар сататын дүкен деп тұрғаны, кәдімгі киіз үй. «Балалар бастауы» әлеуметтік жобалар байқауында үздік деп танылған жұмыс енді республикалық байқауға жолдама алды. Әзірге теңдесі жоқ бұл жоба іске асса, саябақтың Ақтөбеде салынғанын қалаймыз, - дейді ұстаздары.
Алтын Шыбықбаева, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі:
- Функционалдық сауаттылық деген бар. Біздің балаларымыз жан-жақты, яғни қолөнерге де, сөйлеу мәнері, өзін жан-жақты көрсетуі, бұл баламыз дарынды. Енді бұл жерде материалдар біраз кетті. Бала 2-3 ай жұмыс істеді.
Мұғалімдер 3-сынып оқушысының жобасын қала басшылығына көрсетпекші. Олар жыл санап көркейіп келе жатқан Ақтөбенің бір бұрышында нағыз ұлттық саябақтың болғанын қалайды.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев