Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері тиісті төлемақыдан қағыламыз ба деп алаңдаулы
Ақтөбеде «Көктем» балабақшасының тәрбиешілері еңбек демалысына төленетін ақыдан қағыламыз ба деп алаңдаулы. Өйткені, бөбекжайдың аяқ астынан меншік иесі ауысып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Балабақша 2018 жылы сенімгерлік басқаруға берілген. Енді жергілікті билік бұл жүйе тиімсіз деп тауып, мектепке дейінгі ұйымды мемлекеттің меншігіне қайтарған. Басқарушысы аяқ астынан ауысқан білім ордасының қызметкерлері бұл жаңалықты естіп, бір жылғы еңбегіміз енді зая кете ме дейді.
«Бұл кісілерді жаңадан жұмысқа алған кезде, бұл кісілерді жаңадан алған қылып сіз әлі бір жыл жұмыс жасамадыңыз, сізге «не положено» деп айтқан сөз түбінде заңда болып кете ма деп қорқамыз. Сауықтыруға беретін ақшасын, ия атқарып кеткен еңбек демалысына беретін төлемақысын ала алмай кетеміз деген қорқыныш тұр», - деді балабақша қызметкері Жанат Жұмашева.
Ақтөбеде бес бірдей балабақша тап осындай жағдайда. Олардың барлығы да сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне өткен. Бірақ қалалық білім бөлімінде тәрбиешілерге алаңдайтын негіз жоқ дейді. Құжаттарды рәсімдеу шаралары біткеннен кейін барлығының төлемақысы толық төленетінін айтады.
«Қызметкерлер, барлық бала солайымен мемлекеттік мекемеге өтеді. 19 маусымға дейін жеке кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс негізінде алып отырған қаражатымен толық бұл кісілерден осы күнге дейін есеп айырысады, 20-нан бастап мемлекеттің тарапында болады», - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.