Парламент Мәжiлiсiнiң кешегi жалпы отырысы әдеттегiден тартысты өттi. Сауал жолдау барысында салқынқандылық танытып, одан кейiнгi алты бiрдей заң жобасын қарап, мақұлдағанша маңғаз мiнез танытқан төменгi палата өкiлдерiне, жетiншi заң жобасын талқылау барысында бiраз тер төгуге тура келдi.
Әрине, мынадай экономикалық дағдарыс тұсында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы Мәжiлiс депутаттарын бейжай қалдырмасы анық едi. Заң жобасын дайындаушылардың сөзiне құлақ асатын болсақ, бұл құжат өз кезегiнде валюталық реттеу және валюталық бақылау жүйесiн одан әрi жетiлдiре түсетiн болады. Заң жобасын әзiрлеудегi негiзгi мақсаттарды түсiндiре келе Қазақстан Ұлттық банкi төрағасының орынбасары Данияр Ақышев ендiгi жұмыстың төмендегiдей бағыттар бойынша жүзеге асатынын мәлiмдедi. Бiрiншiден, валюталық реттеу тәртiптерiн жұмсарту және оларға байланысты түрлi әкiмшiлiк рәсiмдердi жеңiлдете түсу. Екiншiден, валюталық түсiмдi қайтару талаптарын нақтылау және жеңiлдету, сонымен бiрге қаржыны қайтару талаптарын сақтамағаны үшiн жауапкершiлiк көзделетiн нормалардың пәрмендiлiгiн күшейту. Үшiншiден, елдiң қауiпсiздiгiне және оның қаржы жүйесiнiң тұрақтылығына қауiп төнген жағдайда қолданылуы мүмкiн валюталық реттеу шараларының аясын барынша кеңейту. Бiрақ екiншi оқылымда қаралып отырған заң жобасының соңына депутат Иван Черкалин шырақ алып түстi. Заң жобасының кейбiр тармақтарымен келiспеген депутат алдымен айырбастау орындары арқылы жүргiзiлген операциялар бойынша шетелдiк валютаның қолма-қол ақшаға сатып алу бағамының сату бағасынан ауытқу шегiн бекiту және оларды белгiлеу тәртiбiн айқындау нормасын алып тастауды ұсынған болатын. Осы жағдайға байланысты депутаттар Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мырзаның көтерiп жүрген ақша айырбастау нүктелерiн алып тастау идеясына қосыла қоймайтынын аңғартты.
«Халықтың қолында қазiр айырбастай қоятын бума-бума доллар бар дейсiң бе, мынадай заманда ауылдан келген ағайынның доллар айырбастаймын деп жүргенiн көрмеппiн» деген Мәжiлiс депутаты Мұхтар Тiнiкеев, шағын валюта айырбастау орындарына тиiсудiң керегi жоқ екенiн бiлдiрдi. Ал депутат Амангелдi Момышев болса, бұл қадамнан Марченко мырзаның тағы да девальвация жасау қаупi бар-ау деп күтетiнiн жасырмады. Мәселеге май құя түскен тағы бiр жағдай депутат И.Черкалин резиденттер арасындағы валюталық операциялар бойынша, тазартылған алтын құймасын сатып алу жөнiндегi норманы да алып тастауды ұсынған болатын. Бiрақ дауыс беру барысында оның бұл ұсынысы өтпей қалды.
Алтынға байланысты депутаттарды алаңдатқан бiр жайт осы құнды бұйымның валюта ретiнде нарыққа шығуы болды. Бiрақ осы мәселеге түсiнiк берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бейсенғали Тажияқов қазiр экономикада керi өзгерiстер болып жатқанын, банктен депозиттердiң алынып жатқанын айтты. Оның айтуынша, Алматыдағы Қаржы орталығының қор биржасының жағдайы мәз емес. Халық қолындағы ақшасын ендi қайда саларын бiлмей отыр. Сондықтан да қор биржаларында тазартылған алтын сату iсi қолға алынып отыр. Депутаттар болса сауданың көбi алтынмен жүрсе, елiмiздегi аз ғана алтын құймаларын жасайтын мекемелер үлкен алыпсатарға айналып шыға келе ме деген қорқынышын жасырмайды. Бiрақ депутат Серiкжан Мұқашев мұны әлемдiк тәжiрибеде бар қалыпты жағдай деп санайды. «Жеке тұлғаларға алтын сатуға рұқсат беру ешқандай оғаштығы жоқ iс. Бұл жағдайдан анау айтқандай бұқаралық сипат алып кетедi деп қорқудың керегi жоқ. Өйткенi алтыны бар бай адамдар көп емес қой. Жеке адамдар байлығын алтын немесе доллар күйiнде сақтай ма, өзi бiледi» дейдi ол. Бiзден шығатын алтынның бәрi шетел биржаларында сатылады. Ал мына заң жобасынан кейiн ендi өз алтынымыз өз биржаларымызда саудаға түсетiн болады. Яғни алтын да биржада сатылатын құнды қағаздар есебiнде жүретiн болады. Сөйткен заң жобасы Мәжiлiсте мақұлданып, ендi Сенатқа жiберiлетiн болды.
Ақшамызды ендi алтынмен сақтаймыз
Последние статьи автора