Анттың сөзі айтылған жерде қалмауы керек
Астананың аспанында бұлбұл сайрап, әр жерінде ән-күй ойнап, Қала күні мерекесі бар сән-салтанатымен дуылдап, бұқара халықтың сейіл-серуені қызған шақта Ақорда жақта да атқа қонған мемлекеттік қызметкерлеріміздің саңқылдаған даусы шығып жатты. Кеше халыққа адал қызмет етуге серт берген мемлекеттік қызметкерлер Елбасының алдында ант қабылдады. Бұл ерекше сәтті естен кетпестей етіп қалдыру үшін әдейі Астана күні қарсаңына тоқайластырған тәрізді. Қуаныштың үстіне қуаныш жамалып жатқанын ескерген Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл күнді мемлекеттік қызметкерлер үшін ерекше салтанатты күн деп атап өтті.
Мемлекеттік қызмет – әр азамат үшін үлкен мәртебе. Жауапкершілігі нардың жүгіндей. Бірақ бұл қызметті мансаппен шатастыруға болмайды. Елбасы ант қабылдаушыларымызға мемлекеттік қызметкер қандай, міндеті не болуы керектігін, қысқасы, «әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді жадыңнан шығармау қажеттігін ескертті. «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады», – дейді Президент.
Анттың сөзі айтылған жерде қалмауы керек. Есіктен шыға естен шығаратын мемлекеттік қызметкерден не қайыр?! Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы анттың сөзін әркім жүрегінде шүберектей түйіп ұстауы, жұмыс үстелінің үстінде, көзінің алдында жатуы қажеттігін ескертті.
Президент сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді алда үлкен белестер күтіп тұрғанын да жеткізді. Ол – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл шаруада мемлекеттік қызметкерлерге арқа сүйеп, есоларға сенім артылады. «Тәжірибелі үлкен буын, орта буын, мемлекеттік қызметке енді келіп жатқан жас буын бар – барлықтарыңыз бір-бірлеріңізбен тәжірибе алмасып, сабақтасып, елімізді алға қарай тарта беруіміз керек», – деп Елбасы ант қабылдағандарға ізгі тілек тіледі.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Ант қабылдағандар: бас прокурор Асхат Дауылбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов, сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, ішкі істері министрі Қалмұхамбет Қасымов, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев, туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев, интеграция істері министрі Жанар Айтжанова, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Алматы облысының әкімі Анзар Мұсаханов, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
– Бұл салада не болып, не қойып жатқанынан ылғи хабардар болып отырдым, көптеген құжатты жасауға қатыстым, тұжырымды құжаттардың қабылдауында да сарапшы болдым. Сондықтан да мемлекеттік қызмет жүйесінің әрі қарай дамуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жұмысымды бірінші кезекте терең талдаудан бастамақпын. Сол талдаудың негізінде тиісті заңнамалық және тұғырнамалық әзірлеу керек. Бұған дейін де көп іс атқарылған. Сол істі жаңа сапалық деңгейде жүргізу керек. Елбасы осы жұмысқа қоярда бірнеше нақты тапсырма жүктеді. Сол тапсырмаларды жүзеге асыру үшін, бірінші, қазіргі ахуалға дұрыс баға берілуі қажет.