"Анамнан айырылған соң ішімдікке салындым": 20 жылдан бері қаңғырып жүрген азамат жаңа өмір бастығысы келеді
Бұл туралы “Айтарым бар” бағдарламасында айтылды.
Зуфар Құбышевтің әкесі қазақ, анасы татар ұлтының өкілі. Степногорск қаласынан елордаға келіп, содан бері қаңғырып қалған. Оған өзін ғана кінәлайды. Себебі, тағдырдың сынана төтеп бере алмай ішкілікке салынғанын мойындайды.
“Туған қаламнан астанамызға келдім. Ол жақта қалған анамның қайтыс болғанын естідім. Анаммен бірге тұрып жатқан серіктесі оны өлтірген екен. Мас күйінде пышақтап тастаған. Мен өз үйіме қайтып бардым. Ішімдік ішіп кеттім. Содан тоқтай алмай қалдым. Ең алғаш 20 жасымда ішіп көрдім. Оған дейін иісін де білмейтін едім. Досым арақ әкелді. Ішіп көр деді. Іштім. Екінші күні тағы келді. Солай тоқтай алмай қалдым. Ішімдікке салынғанымды білмей қалдым”, – деді ол.
Бүгінде тұрақты мекен-жайы жоқ. Туыстары жоқ. Жұмыс істемейді. Тиын-тебен тапса, арақ ішеді. Өзі секілді қаңғырып жүргендер көп дейді.
“Мен секілді жүргендер көп. Ақша сұраймыз. Арақ аламыз. Тамақ сұраймыз. Далада қонамыз. Мен бұл өмірден шаршадым. Маған енді басқа өмір керек. Өзгеруім керек. Енді ішпеймін деп шештім. Емделемін. Жұмыс істеймін. Құжаттарымды жасауға көмектессеңіздер, жұмыс табуға көмектессеңіздер, бәріне дайынмын. Үйленемін. Отбасылы боламын. Жаңа өмір бастаймын. Осылай жүргенде 20 жыл өтіп кетті. Енді жаңаша өмір сүрсем деймін. Өзім түзелген соң ескі достарыма да көмектесем. Арағын қойып, адам болуға шақырам. Менде туыс та, жақын адам да жоқ”, – дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығының психологі Сәуле Әмірқызы орталыққа жасы 18-ден 90 жасқа дейінгі адамдар келетінін айтады. Әсіресе, жетімдер үйінің түлектері көп ішімдікке салынады. Ал ішімдіктен бөлек, балалары бас тартқан қариялар да келеді екен.
“Бізге адамдар өз еркімен келу керек. Біз күштеп ешкімді әкеле алмаймыз. Бізге келгендер егер басқа қаланың адамдары болса, 1 айға дейін тұрақтай алады. Егер сол қаланың азаматы болса, 1 жылға дейін орналасады. Біз алдымен медициналық тексеруден өткізіп, кейіннен құжаттарын рәсімдейміз. Егер қандай да бір сырқаты болса, емханаларға жібереміз. Күнделікті ас-суын береміз. Арнайы мамандармен жұмыс істейді. Қоғамға бейімдейміз. Жұмысқа орналастыруға көмектесеміз”, – деді Сәуле Әмірқызы.
Психологтің айтуынша, орталыққа ерте жастан ішімдікке салынған жетімдер үйінің түлектері көп келеді.
“Балалар үйінің тәрбиеленушілері жастайынан үлкен өмірге бейімделмей өседі. Олар үнемі өзгеге тәуелді болғандықтан, балалар үйінен кеткен соң не істерін білмей, үлкен өмірге дайын болмай қалады. Оларға қолдау болмай қалады. Сондықтан ішімдікке тез әуестенеді. Кез келген дұрыс өмірге бейімделген адамның өз еркі болу керек. Үміті болу керек. Адам болам деген ниеті болса әрі қарай қолдау көрсетуге болады”, – деді маман.