Америкалық отбасы асырап алған қазақ қызы өзі тұрған балалар үйіне көмек берді
Америкалықтар асырап алған қазақ қызы Сәбина Астанадағы кішкентай кезінде өзі тәрбиеленген балалар үйіне келді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Вugin.kz-ке сілтеме жасап.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі Сәбинаның (қазіргі есімі - Скайлар) ниеті мен сәбилерге сыйлаған қуанышы бүкіл ұжымның жүрегін елжіретті.
"9 ай құрсақта көтеріп туған ана ана ма? Туғанындай қарап, тәрбиелеп жеткізген ана ана ма? Бұл сұрақтың жауабын бүгін біз тапқандай болдық. Қалай дейсіз бе? Бүгін бізге осы балалар үйінде тәрбиеленіп, өз елінен жыраққа кеткен қызымыз келді. Арада қаншама жылдар өтсе де, еліне деген ыстық махаббатын жұдырықтай жүрегіне салып, сағынышпен өскен ортасына келді. Сәбина (Скайлар) жай ғана келмей, достарымен бірігіп, еліме бір пайдам тисе екен деген ниетпен өзінің елге деген махаббатын қайырымдылық жобасын ұйымдастыру арқылы білдірді. Бұл ниеті бәріміздің жүрегімізді елжіретіп, көзімізден жас ағызды", - деп жазады балалар үйінің баспасөз қызметі Instagram парақшасында.
Сәбина достарымен бірге киім-кешек сатып, қомақты көлемде ақша жинаған.
Ол қаражатқа балалар үйінің бүлдіршіндеріне музыкалық аспаптар, ойыншықтар мен баланың дамуына арналған заттар сатып алып, сыйға тартты.
"Адамның жасы емес, еліне деген ыстық ықыласы мен ойы адамды көптеген жетістіктерге жеткізетінінің дәлелі болғандай. Және де бұл тек Сәбинаның еңбегі емес, оны аялап баққан, туғанынан кем етпей өсірген және туған еліне де жеткізген анасы Сюзанның еңбегі ерен. Сәбинаның ұяңдығы мен сұлулығы, тәрбиесі мен әсемдігі бір-бірімен үйлесім тауып, анасының есімін асқақтатып, берген тәрбиесін ақтағандай. Осыншама ұлтжандылыққа, махаббатқа толы еңбекпен тәрбиелеген анасына мың алғыс. Сәбинаның арманын орындауға көмектескен достарына ризашылығымызды білдіреміз", - дейді балалар үйінің ұжымы.