3 ақпанда елордада бұрынғы Мәжіліс депутаты Динара Закиева мен «Жастар рухы» жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм және қала белсенділері Шарын базарын аралап, партияның сайлауалды бағдарламасының жобасында ескерілетін қаладағы түйінді мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындармен тілдесу барысында интернет желісінің нашарлығы, аула алаңдарын абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, білім мен денсаулық сақтау нысандарын, жолдар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толғандыратыны анықталды. Сондай-ақ сатушылар монополия салдарынан бәсекенің жоқтығына наразылық білдірді.
«Салдарынан баға өсіп, кәсібіміз жүрмей отыр», - дейді сатушылар.
Экс-депутат Динара Закиева осы мәселелердің барлығы бағдарламада ескерілетінін айтты.
«Жақында электоралды кезең басталады. Базардағы саудагерлер интернеттің жылдамдығын арттыруды сұрап жатыр. Халықтың үні – сайлау кезінде азаматтардың талап-тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізіледі» деді Динара Закиева.
«Шарын» базарында қазір 1 500-ге жуық адам жұмыс істейді.