«Алтын алқаға» таза алтынды қимағанымыз ба?
Қазақ қара санамайды. Ырымға жаман деп. Атам замандарда деп, алысқа бармай-ақ қоялық, осыдан ширек ғасыр бұрын отбасында он бала болмаса, «е, кедей екен ғой...» дейтін. Малға кедейлігін емес, жанға кенде екендігін тұспалдайтын. Сондықтан болар, «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дегенді өмірлік қағида еткен бұрынғының адамдары бала санын шектеуді емес, Құдайдың бергеніне қиянат қылмауға көбірек мән беретін.
«Балалы үй – базар...» болған
Бүгін де заман өзгерді. Адам да. Соған орай пейіл де. Төрт баласы барларға таңырқай қарайтын болдық. Шындығы — осы. Амалдың жоқтығы ғой, төрт баласы барларды көпбалалылар қатарына қосатынды шығардық. Тағы да сол бұрынырақта «Батыр аналарымыз» көп болатын. Кеудесіне алтын медалін жарқырата таққан сол алтын құрсақты аналар ерекше көзге түсетін-ді. Әрі оларға деген көпшіліктің ілтипаты да ерек болушы еді. Бүгінде олар да таздың шашындай тым азайып барады. Қазақтың қарасын көбейтуге өлшеусіз үлесін қосқан алтын аналардың ұлы көші солармен бірге ұзап бара жатқандай көрінеді кейде...
Еліміздегі әрбір төртінші баланың оңтүстікте дүниеге келетінін ескерсек, «Батыр аналардың» бүгінгі ұрпақтары алтын тінді үзіп алмай, жалғастырып жатқанына шүкіршілік айтасың. Оңтүстіктей бай аймақ батыр аналарымен де мақтана алады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1 миллион 089,3 мың әйел тұрып жатса, соның 96 мыңнан астамын яғни 9 пайызын көпбалалы аналар құрайды. Олардың ішінде 70 267 әйел төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеуде. Көп балалы аналардың саны Мақтаарал, Сайрам, Төлеби аудандарында басымырақ болса, Созақ ауданы мен Арыс, Кентау қалаларында олардың саны кемдеу болып отыр.
Аналарды алдау кімге қажет?
Көп бала – көбеюдің кепілі. Өсіп-өнудің өрісі. Алайда «жеті баласы барға да, жиырма баласы бар анаға да бүгiнгi қазақ қоғамы қандай сый-құрмет көрсетiп отыр» деген сауалға жауап ретінде алдымен ауызға ілігетіні – «Алтын алқа» орденi. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл құрметке шүкіршілік етушілер де бар. Алайда аты тым зорайып «Алтын алқа» деп тұрғанымен, қандай құрметіңізге де лайық аналарымыздың кеудесінде жарқырауы тиіс сол алтыныңыз саф алтын емес, аз уақыттан кейін қарайып кететін қарапайым металдан жасалса ше?! Әрине, 326 тонна алтын қоры бар еліміз үшін ардақты аналарымызға таза алтынды қимағанымыз – өкінішті, әрине. «Алтын алқаның» Теңге сарайында жасалатыны белгілі. Жабық мекеме болғандықтан, мәлімет алу мүмкін емес. Тек сайттан тапқанымыздың өзі – там-тұм. Сонымен мерейтой, естелік және спорт медальдары, белгілер және кеуде белгілері бағалы металдардан және оның қорытпаларынан шекіме әдісімен жасалатын көрінеді («шекіме әдісі» дегенін түсіне алмадық. Сірә, сәтсіз аударма болуы керек). Оларды жасау кезінде ыстық және суық эмальдар, лактар, алтын жалату мен патинирлеу қолданылады екен. Биколорлық медальдарды, сондай-ақ диаметрі 100 мм-ге дейін үлкен медальдарды жасауға болатын көрінеді. Әрине, «Алтын алқаның» дизайнында мін жоқ. Күн сәулесі, ананың аялы алақанында отырған сәби. Бір қарағанда керемет-ақ. Бірақ алтын деген атауына лайық еместігін маман көзәйнегі түгіл, қарапайым көзбен-ақ бағамдауға болады. Салмағы ауыр. Тек кеудеге қадайтын тұсы ғана алтын жалатқан болуы мүмкін. Ломбардтар алмайды. Демек, бір кілтипаны бар деген сөз. Тексертіп көрмек болғанымызда, ломбардтың алтын бұйымдарын сараптаушы маманы: «Бізде Ресейдегідей алтынның құрамын жан-жақты тексеретін зертхана жоқ. Бізде тек алтынның сынамасын тексеретін реактивтер ғана бар. Олар бойынша, алтын бұйымдары 585 сынамасына сәйкес келеді. Ал «Алтын алқа» жөнінде ештеңе айта алмаймын», – деп аты-жөнін атаудан да басын ала қашты.
Ал Теңге сарайының сайттағы парақшасында «Германия, Швейцариядан және басқа Еуропа елдерінен әкелінген ең жаңа жабдықтарына негізделген ғылыми технологиялармен жұмыс істейміз. Басқа Теңге сарайларынан айырмашылығы – бізде бірегей бұйымдар жасауға мүмкіндік беретін балқыту мен илеуден бастап, шекімеге дейінгі және әртүрлі қаптама қабат жалатудың барлық технологиялық шектері бар.
Жетекші Теңге сарайларымен бірдей біз алтыннан және «proof» жоғары сапалы күмістен де коллекциялық теңгелер шығарамыз... Президент Әкімшілігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын жасауды біздің кәсіпорынға сеніммен тапсырғанын мақтанышпен айтуға болады... Біздің шеберлермен жасалған ордендер мен медальдар зергерлік өнердің лайықты үлгісі болып табылады» делінген. Сондай-ақ «...болуы мүмкін сәйкессіздіктердің алдын алу және олардың туу себептерін жою есебінен өнім сапасының тұрақтылық деңгейін қолдаймыз...» деген түсініксіз сөйлем бар. Не айтқылары келгенін түсіне алмадық. «Алтын алқа» туралы ешқандай дерек жоқ.
Қалдықыз Нұрманқұлова, «Алтын алқа» иегері:
– Өкіметке өкпеміз жоқ. Барынша құрмет көрсетіп жатыр. Жеті баланы аман-сау асырап-бағып, жетілдірдік. Еңбегімізді ескермеді деп өзгелерге өкпе артатын да жайымыз жоқ. Дегенмен награданы алуға барғанда «таза алтын емес» деп өкпе айтып жатқандарды естідік. Бірақ алтын деген соң, атына заты сай болғаны да дұрыс қой. Бәлкім, біз түсінбейтін бір тұсы бар болар, кім білген?!
Сонымен қатар аталмыш наградаларды тапсыру мәселесінде де түсініспеушіліктер баршылық. Өткен жылы құжатын өткізгендер әлі «Алтын алқаларын» ала алмай жүргендерін айтуда.
Дина Рахматуллаева, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің наградалар жөніндегі инспекторы:
– 1995-2009 жылдар аралығында облыс бойынша 6 994 анаға «Алтын алқа», 11 712 «Күміс алқа» медалі тапсырылған. Ал биылғы жыл басынан бері 4 936 анаға – «Алтын алқа», 6 542 анаға «Күміс алқа» табысталды. Облыс бойынша бүгінде аталмыш наградаларға 50 мыңнан астам әйел құжат тапсырған. Басқа өңірлерде 5 мың ғана ана құжат өткізген. Солар тапсырып біте алмай жатқанда, 50 мыңды сараптаудан өткізу оңай емес. Жуырда ғана 3,5 мың ананың құжатын Астанаға жібердік. Бұл – өте күрделі жұмыс. Мемлекеттік награда болғаннан кейін, оған тыңғылықты сараптама қажет.
Жауапқа қарап, кезекте тұрған көпбалалы аналарға әлі де біраз уақыт күте тұруларына тура келетін сияқты.
Бастысы, батыр аналарымызға барынша құрмет көрсету еді. Алайда алтын деп, жас балаға кәмпит бергендей, алдап жүргеніміз тым ұят емес пе?! Демографиялық өсуімізге өлшеусіз үлес қосып отырған батыр аналарымыз құрметтің барлық түріне лайық екені сөзсіз! Құтқұрсақты аналарымыз онсыз да санаулы ғана.