Алматының радиациялық жағдайы тұрақты
Былтыр радиациялық апаттар мен кәсіби аурулар тіркелген жоқ. Әртүрлі сәуле көздерін пайдаланатын бақылаудағы 287 радиациялық-қауіпті нысанның радиациялық ахуалын жақсарту бойынша шаралар уақытында ұйымдастырылған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мамандары хабарлайды.
2012 жылы Алматы қаласының санитариялық қызметінің мамандары ҚР «Тұрғындардың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Заңын жүзеге асыру барысында нысандардың қоршаған ортасына 576 885-ден аса дозиметрлік өлшеу және 5561 радиологиялық зерттеу жүргізіпті. Осындай зерттеулер сынамаларында радиациялық ластану фактілері тіркелмеген. Осы сала мамандарының айтуынша, еліміздің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес, радиоактивтік қалдықтардың уақтылы көмілуі бақылауға алынған. 2012 жылы радиоактивті қалдықтар көзінің төртеуі көмілген. Рентген-диагностикалық аппараттардың кезең-кезеңмен ауыстырылуы бақылауға алынған болатын. Өткен жылы қаланың медициналық ұйымдары 11 рентген-диагностикалық аппаратын және алты флюроаппаратын ауыстырғанын айта кеткен жөн.
Алматы қаласының радиациялық жағдайы тұрақты қалыпта сақталып, қала аумағының табиғи гаммафоны 0,14 - 0,17 микроЗивер/сағатты құрады.