Алматыда жер сілкінді
Кеше Алматының маңында қуаты 3,7 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Ұлттық ядролық орталығы Геофизикалық зерттеулер институтының мамандары хабарлады.
Жерасты дүмпуі Астана уақыты бойынша сағат 00.11 шамасында байқалды. Орталықтың мәліметіне қарағанда, эпицентрі Алматы облысының аумағында, Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның қуаты сегіз шақырым тереңдікте 8,4 энергетикалық класқа жетті. Алматыда жер сілкінісінің әсері 2 балл болып сезілді. Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бұл жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 37 шақырым қашықтықта, Іле Алатауында анықталды. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 8,9 деп өлшенген. Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті мамандары қирандылар мен адам шығыны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады. Айта кетелік, жер сілкінісіне қатысты 13-19 шілде аралығындағы мәліметтерді зерттей келе, Сейсмология институты мамандары Алматы болжау полигоны аумағында 27 шілдеге дейінгі аралықта MSK-64 шкаласы бойынша 7 балдық жер сілкінісі байқалмайтынын хабарлайды.