Алматыда сусамыр салдарынан аяғының күретамырларындағы қан айналымы бұзылған пациентке ота жасалды
Көптеген жылдар бойы қант диабетімен ауыратын 55 жастағы әйел диабеттік табан синдромына шалдыққан. Пациентке 2-типтегі қан диабеті, аяқтағы күретамырлардың атеросклерозы деген диагноз қойылған, деп хабарлайды №4 Қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, операция барысында аяқтағы күретамырларға ангиография жасалды. Нәтижесінде тізенің астындағы және үлкен жіліншіктегі артериялардың тарылып, стеноз пайда болғаны анықталды. Аяқтағы артерияларға ангиопластика жасалды, қан айналымы толық қалпына келтірілді, дейді мамандар.
Ота жаңа әдіс бойынша жасалды. Операцияны қалалық клиникалық ауруханада өткен шеберлік класы шеңберінде Үндістанның Мумбаи қаласынан келген дәрігер Гириш Мукуд жасады.
«Әдетте мұндай жағдайда сырқаттың аяғын кесіп тастайды. Бұл әйелдің жолы болды, енді хирургиялық операция жасауға қажеттілік жоқ», дейді аурухананың Рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімі дәрігері Камила Оразбаева.
Үндістандық дәрігер Гириш Мукудтың айтуынша, енгізіліп отырған жаңа әдіс – интервенциондық немесе эндоваскулярлық хирургия – зақымданған ағзаны скальпельсіз, қан тамыры арқылы рентгенэндоваскулярлық әдіспен емдеуге мүмкіндік береді.
Шеберлік класы барысында үндістандық дәрігердің қатысуымен осындай тағы 4 ота жасалды.
Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, төрт ота да міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру шеңберінде қаржыландырылды.
«Бір жыл бұрын №4 Қалалық киникалық ауруханада рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесі ашылған болатын. Осы уақыт ішінде мидағы қан тамырларына 739 интервенциондық ота мен жатыр артерияларын эмболизациялау сынды манипуляциялар жүзеге асырылған. Бұл операциялардың бәрі де МӘМС пакеті шеңберінде жасалды», - деді Тілеухан Әбілдаев.