«Маңғыстау-Алматы» жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында электрлі самокат мінген ер адамның болуына байланысты құрамды шұғыл түрде тоқтатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 15 мамыр сағат 15:44-те ер адам Алматы-1 және Алматы-2 станциялары арасында теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған.
«Жолаушылар пойызы 3 минутқа тоқтатылды. Қазіргі уақытта құқық бұзушының жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралды. Онда теміржолдың бойында жалға алған электрлі самокаты бар ер адамның машинистпен дауласып тұрғанын көруге болады.