Кеше Алматыда қазақ халқының дара тұлғасы, Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күніне орай «Д.А. Қонаев – тұғыры биік тұлға» атты тақырыпта іс-шара болып өтті. Шараға белгілі тұлғаның замандастары, артында қалған ұрпақтары, БАҚ өкілдері және басқа да қонақтар қатысты. Жиылған көпшілік Димекеңнің ескерткішіне гүл шоқтарына қойып, тұлға туралы құнды естеліктер айтты.
Гүл қою рәсімінен кейін қонақтар Д.Қонаев атындағы мұражайға жиналып, онда жасалып жатқан жұмыстарды көрді. Ең алдымен, жиналғандардың қатысуымен жаңа экспозициялық қызыл зал ашылып, «Д.А.Қонаевтың балалық шағы, жастық шағы, студенттік кездері мен еңбек жолының басталуы» атты тақырыпта көрме тамашаланды. Көрмеге бұрын келушілерге көрсетілмеген 50-ге жуық жәдігер қойылған. Мұнан бөлек мұражайдың бірінші қабатында «Д.А.Қонаев және Қазақстан қалалары» атты карта ашылды. Онда Д.Қонаевтың кезінде бой көтерген қалалар орын алған. Келушілер заңғар тұлғаның сурет әлемінен құралған «Өз заманының заңғар ұлы» атты көркемдік галереяның, «Д.А.Қонаевтың жұмыс столы», «Ғылыми кітапхана» атты экспозициялық көк залдардың да ашылуына куә болды. Жиын соңында қонақтарға Д.Қонаев туралы «С любовью по жизни» атты көркем фильм көрсетілді.
Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Мен Димекеңмен бірге 25 жыл бойы жұмыс істедім. Димекең мінезге бай кісі еді. Ешкімге артық сөз айтпайтын, ауыр сөйлемейтін. Ол басқарған жылдары Қазақстан ерекше гүлденді. Келер жылы Д.Қонаевтың 100 жылдығы аталып өтіледі. Қазір соның дайындығын жасап жатырмыз. Біз Елбасының алдына Д.Қонаевтың жаңа мұражайын салу үшін жер бөлу туралы мәселе қойдық. Мұнан бөлек көше, қалаларға тұлғаның есімін беру туралы мәселені де қарастырып жатырмыз.
Кеңес АУХАДИЕВ, Алматы обком партиясының бұрынғы бірінші хатшысы, мемлекет қайраткері:
– Димекеңнің Алматыға деген ықыласы ерекше болатын. Ол уақытта Алматы Қазақстанның астанасы еді. Егер Алатаудың бөктерінен бастап қарайтын болсақ, көптеген ірі құрылыстардың барлығы Димекең басқарған жылдары салынды. «Медеу» мұз айдыны, Республика сарайы, Оқушылар сарайы, оның төменгі жағындағы жиырма бес қабатты қонақүй, мұның барлығы қазір Алматының символдарына айналды. Димекең артына осындай өлшеусіз еңбектер қалдырып кетті.