Алматыда «I» ЖШС мен «G» ЖШС қаржылық пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың хабарлауынша, қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Бұрын қылмыс жасағаны үшін сотталған Я. есімді әйел 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың қарашасы аралығында қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған. Кейін компанияға жеті адамды тартып, олармен бірлесіп «I» ЖШС және «G» ЖШС тіркейді. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға еншілес компаниялардың инвестициялық жобаларына қаражат салуды ұсынған. Бұл компаниялар сыйақы алуға кепілдік берген», - делінген хабарламада.
Аталған пирамидадан 209 адам зардап шеккен. Оларға келтірілген шығын 931 млн 672 мың теңге көлемінде.
«Сот үкімімен қаржы пирамидасын құрған 8 адам кінәлі деп танылып, 5 жылдан 9,6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Айыпталушылардың біріне қатысты Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, оның іс-әрекетінен залал болмағандықтан, шартты түрде сотталды», - деп атап өтті соттан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.