Алматыда дендробақ салынып жатыр
Оңтүстік астана тұрғындарының дендрологиялық бақта тынығатын уақыты алыс емес. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Алматылықтардың таза ауада тынығуына жағдай жасау мақсатында салынып жатқан «Дендробақ ХХІ» саябағы 73 гектар аумақты алып жатыр. Бас жоспарға сәйкес бақтың құрамына негізі Кіші Алматы, Есентай және Үлкен Алматы өзендері кіреді. Табиғи-экологиялық бақта тынығушыларға барлық жағдай жасалмақ. Ол үшін бақ ішіне әлемнің түрлі елдерінен әкелінген өсімдіктер отырғызылады. Жасыл желекпен көмкерілген саябақта жасанды су айдындары мен өзендер де болады. Сол сияқты қоғамдық және техникалық үлгідегі ғимараттар бой көтереді. Дендробақ құрылысы, негізінен, сегіз кезеңнен тұрады. Оның алғашқы кезегінде дендрологиялық жоспарға сәйкес, жолдар мен гүл көшеттерін отырғызуды бөлу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта орталық субұрқақ салынуда. Баққа келген демалушыларға ыңғайлы болу үшін жанына автопаркинг салу да жоспарланып отыр. Саябақ құрылысына барлығы 19, 23 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ.