Алматыда «Аңсаған сәби» мүсіні ашылды. Мүсін Қазақстан халқының репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған президенттік бағдарламаның құрметіне тұрғызылды. Сондай-ақ, New Generation Clinic (NGC) заманауи халықаралық репродукция орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» ұлттық жобасын жариялаған болатын. Бұл бағдарлама бойынша бедеулікті экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭҚҰ) әдісімен емдеуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді, сол арқылы 2021 жылы елімізде 3 мың бала өмірге келді. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор, «ЭКОМЕД» адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті Салтанат Байқошқарова айтты.
«Қазақстандағы әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке шалдыққан. Көрсеткіштері өсіп келе жатқан ресми статистикаға сәйкес елімізде 21 мыңнан астам адамға бедеулік диагнозы қойылған. Бар күш-қуатым мен қабілетімді бедеулікке қарсы күреске арнаған репродуктивті медицина саласының маманы ретінде мен үшін бұл мүсін жай ғана символ емес. Біздің мақсатымыз – репродуктивті медицина саласындағы зерттеулерді, инновацияларды қолдау мен дамытудың маңыздылығына қоғамның назарын аудару. Сонымен қатар, бедеулік мәселесіне тап болған ерлі-зайыптыларға эмоционалдық көмек пен жанашырлық таныту да маңызды», - деді ашылу салтанатында Салтанат Байқошқарова.
Жаңа қола мүсін New Generation Clinic (NGC) халықаралық репродукция орталығы ғимаратының қасбетіне орнатылды.
«Жаңа мүсін репродуктивті медицина саласындағы қажырлы еңбек пен жетістіктерді бейнелейді. Ананың алақанындағы сәбидің бейнесіндегі композиция - репродуктивті денсаулық саласындағы ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың маңыздылығын білдіреді. Мүсін – ана болуды армандайтын әрбір әйелдің қуаты мен нәзіктілігінің, сенімі мен батылдығының символы», - деді Салтанат Байқошқарова.
Ол сондай-ақ New Generation Clinic (NGC) клиникасын ашу туралы ойымен бөлісті.
«Қазіргі таңда репродуктивті технологиялар үздіксіз дамып келеді. Мен «Экомед» клиникалар тобының Қазақстан мен Орталық Азиядағы экстракорпоралды ұрықтандыру саласындағы көшбасшыға айналғанын мақтан тұтамын. Әу бастан-ақ қазақстандық репродуктивті медицинаға соңғы жаңалықтар мен технологияларды енгізуді мақсат еткенмін. Осылайша, New Generation Clinic (NGC) заманауи халықаралық репродукция орталығын іске қосу идеясы дүниеге келді. Бұл әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін, ең жоғары санаттағы қызмет пен емдеуді ұсынатын озық жаңа буын клиникасы. Мұнда Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект арқылы бедеулікті емдеудің ең заманауи әдістері қолданылуда», – деді дәрігер.
«Аңсаған сәби» мүсінін «Арт Альянс» шығармашылық тобының мүсіншілері жасап шықты.
«Бұл мүсінді жасауға екі айға жуық уақыт кетті. Біз бірнеше эскиз жасаған едік. Олардың ішінен осы «Аңсаған сәби» эскизіне тоқтадық. Мүсіннің биіктігі 2,5 метр, қоладан жасалған. Бұдан бөлек, «Үміт» деген мүсін жасап, оны клиниканың ішіне орнаттық. Айта кетейік, біз бұл мүсіндерден бөлек, Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған, Ыбырай Алтынсарин мүсінін, Таразда Дінмұхамет Қонаевтың, Асатанада Әл-Фарабиге мүсін жасаған болатынбыз», - деді «Арт Альянс» шығармашылық тобының мүсіншісі Дулат Үсенбаев.