Алматыда алты мектеп жабылуы мүмкін
Жаңа оқу жылына санаулы ғана күн қалғанда Алматыда алты мектеп жабылуы мүмкін. Жалпы білім беретін мекеме ғимараттары өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмай шықты.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, тұрақты түрде жүргізіліп жатқан ескерту шараларына қарамастан, білім беру мекемелерінің біразы талапқа сай келмейтін күйінде әлі тұр. Нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексерген департамент мамандары Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотына алты мектепті жабу туралы талап арыз жолдады. Заңбұзушылықтар түгел жойылмайынша, мектеп ғимараттарын пайдалануға тыйым салынады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қатаң шара қолдануға биыл білім мекемелерінде болған өрт оқиғалары себеп. Жылдың басынан бері үш мектептің ғимараты өртенген. Айта кету керек, Алматыда жалпы білім беретін барлығы 185 мектеп бар.