Алматыда Абай даңғылының ашылуы көлік қозғалысын 30 пайызға жақсартты
Алматыда Абай даңғылы батыс бағытқа ұзарды. Бұл көлік қозғалысын 30 пайызға жақсартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек бір апта бұрын қалада екі жол ашылғанын айтты. Осыған байланысты көлік қозғалысына алғашқы аралық талдау жүргізілген.
"Оның нәтижесі бойынша жолдағы қозғалыс Абай даңғылында 30 пайызға, ал Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшелері қиылысындағы жолайрықта 25 пайызға жақсарған. Жолайрық салу қақтығыс нүктелері санын азайтуға және өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді, бұл экологиялық жағдайға және жалпы қауіпсіздікке жақсы әсер етті. Абай даңғылының Саин және Момышұлы көшелері қиылысындағы бағдаршам режимін реттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл Шаляпин, Жандосов және Райымбек даңғылы көшелеріндегі көлік жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді", - деді Нұрлан Аманбек.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында, Бухтарминская және Құлжа тасжолы қиылысында жолайрық құрылысы, сондай-ақ Саин көшесін ұзарту, Мөңке би көшесімен қиылыста жолайрық салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 14 желтоқсанда Абай даңғылының бір бөлігі ашылды. Қала тұрғындарының айтуынша, келесі күні таңертең қала сырты мен қала маңындағы елді мекендерден келетін жүргізушілер қуанды.
Кейін Алматы тұрғындары Абай даңғылының батыс бағытта ұзаруы "тиісті нәтиже бермеген жоғары бюджеттік жоба" деп пікір білдірген еді.