Алматыда Абай даңғылы 5 шақырымға созылады
Алматы қаласында мемлекеттік актілері бар заңды жер телімдеріне тұрғызылған жүздеген баспана биылдан қалмай сүрілуі мүмкін.
Қала билігі көлік нөпірін азайту мақсатында, Абай даңғылын Момышұлы көшесінен үлкен Алматы айналма жолына дейін созатындарын мәлімдеді деп хабарлайды 31 арна.
Мемлекет қажетіне алынатын 250 жер телімінің иесіне нақты қанша теңгеден өтемақы төленетіні әлі белгісіз. Оған жалпы сомасы 34 миллиард теңге қарастырылып қойған. Ал, жаңа жолдың құрылысын салуға 19 миллиард теңге жұмсалмақ екен.
Алматы қаласы автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметі бойынша, Әуезов ауданы мен Наурызбай ауданын басып өтетін Абай даңғылының шеткі нүктесі Алматы облысына қарасты Райымбек елдімекеніне дейін жақындайды. Жаңа жолдың ұзындығы шамамен бес шақырымдай болады.
Жобаға сәйкес, жолдың бойына 14 автобус аялдамасы, жеті жер асты жүргінші жолдары салынбақ. Бұл жұмыстардың бәрі биылдан басталып, 2018 жылы аяқталады деген жоспар бар. Алайда жер телімдері "қызыл сызықпен" тұспа-тұс келген тұрғындарға әлі ешқандай ескерту қағаздары таратылмаған.
Дереккөз: 31 канал