Алматы тарихына – 1000 жыл
Алматының аумағындағы ортағасырлық қалашықтардың бірі – Алма-Арасан қорымын зерттеудің үшінші маусымдық жұмыстары аяқталды. Оңтүстік астана тарихының 1000 жылдан асқанына куә болатын көне қорған жуық арада туристік орталыққа айналады.
Алма-Арасан шатқалында археологиялық зерттеу жұмыстары 2009 жылы басталған. «Археологиялық сараптама» ЖШС мамандары мен тарихшы, академик Карл Байпақов бастаған ғалымдар тобы бір апта бұрын үшінші маусымдық жұмыстарды аяқтады. Алматы қаласы мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұра, мұражай және кітапхана бөлімі мамандарының айтуынша, зерттеудің нәтижесінде ғылыми деректемелер, оның ішінде, Алматы қаласының жасын анықтауға қатысты мәліметтер дайындалады. Оңтүстік астананың көне тарихы жайлы түрлі дерек болғанымен, ғалымдар арасында шаһардың жас шамасына қатысты әрқилы пікір бар. Кейбіреулер Алматының 2,5 мың жылдық тарихына күмән келтіреді. Енді Алма-Арасанда табылған қорған бұл қаланың іргеленгеніне кемінде 1000 жылдан асқанына анық айғақ бола алады. Көне қорымды одан әрі зерттеу келесі маусымда да жалғасады. Алматы қаласының әкімдігі бұл мақсатқа қаржы бөліп қойған.
Данияр Әлиев, Алматы қаласы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұра, мұражай және кітапхана бөлімінің бас маманы:
– Алматы қаласы аумағында барлығы сегіз көне қалашық болған. Олар –Бұтақты ауданы, қазіргі қалалық прокуратураның орны, Тереңқара, Алма-Арасан және тағы басқа. Алма-Арасанды әйгілі шығыстанушы Василий Бартольд 1894 жылы анықтап кеткен. Бұл жерде орта ғасырларда ірі қала болған. Болашақта бұл қалашықты туристерді тартатын орынға айналдыруды мақсат етеміз. Ал Алматы қаласының жасына келер болсақ, оны анықтаудың үш түрлі дереккөзі бар: археологиялық, нумизматикалық және жазба деректер. Археологиялық деректер Бұтақты, Шаңырақтағы Ұлжан елді мекендерінен табылған қыш құмыралар десек, нумизматикалық деректерге 1979 жылы қазіргі Достық даңғылындағы Шекара қызметі училищесінің орнынан табылған тиындарды айтуға болады. Онда «Алмату» сөздері жазылған. Ал қаланың жасына қатысты жазба деректерге Бабыр еңбектері, Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» жатады, бұл жазбалар бойынша Алматының жасы ХІІІ-ХІV ғасырларға сәйкес келеді.