Алматы полициясы интернет алаяқтармен қалай күресуде
Алматыда жыл басынан интернет-алаяқтықтың 207 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есеге аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы әлеуметтік желілер мен танымал сауда алаңдары арқылы азаматтарды алдаған 97 интернет алаяғы ұсталды. Алаяқтықтың алдын алу мәселесінде адамдардың ақпараттық сауаттылығы мен қырағылығы маңызды. Себебі жеке мүліктің қорғалуына ең алдымен, олар өздері кепіл бола алады. Іс жүзінде, өкінішке орай, біз интернетте сауда жасау мәдениетінің мүлдем жоқтығын көреміз. Пандемияның басталуымен көптеген тұрғын үй және тұрмыстық мәселелерді шешу онлайн деңгейге көшті. Бұл фактор, жеңіл ақшаға әуестерге «пайдасын» тигізді», - деді Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов. Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері көрсетіліп, азаматтарға өздерін қорғау жолдары ұсынылған әлеуметтік роликтер бірер ай бұрын әзірленіп, кеңінен таратылды. «Сонымен қатар, желілерге мониторинг жүргізілуде. Анықталған алаяқтық сайттар мен сілтемелердің тізімдері апта сайын бұғаттау үшін әрі қарай жіберіледі. 2021 жылы біздің бастамамыз бойынша әлеуметтік желілер мен алаңдардағы 477 сайт пен алаяқтық парақшалар бұғатталды», - деді подполковник Қуатбек Науатов.
ҚазАқпарат