Бүгін Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханада 22 ақпан күні дүниеге келген үшемдер үйіне шықты. Аталған перзентханада екі ұл бір қызды өмірге әкелген Ақмарал Айдар 29 жасында көпбалалы ана атанды. Ақмарал үшемдерден өзге үш баланың анасы. Балалардың үлкені 8 жаста.
Үшемдердің үлкені Қаракөз 2460 гр, Садық 2100гр, Сыдық 1820 гр салмақпен туған. Қарасай ауданаралық көпсалалы аурухана директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Индира Кабаева әйел жүктілік кезінде қатаң бақылауда болғанын айтты.
- Үшемдерді анасы жүктіліктің 36 аптасында босанды. Жалпы үшемдерді бірден босану ана мен бала денсаулығы үшін қауіпті. Сондықтан қатаң бақылауда ұстадық. Балалар кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Қазір үшемдердің де, анасының да жағдайы бірқалыпты,- деді Индира Кабаева.
Көпбалалы ана атанған Ақмарал Айдар өз кезегінде дәрігерлерге алғысын білдірді.
-Аурухананың барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында үшемдерді аман-есен босандым. Біз үшін үшемдердің өмірге келуі үлкен қуаныш, - деді Ақмарал Айдар.
Сонымен қатар аталған аурухана директорының орынбасары Индира Кабаева үшемдерге қажетті медициналық көмек көрсетілетінін айтты.
-Қарасай ауданында 2023 жылы өмірге келген алғашқы үшемдердің күтіміне тұрғылықты жерінде орта медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстап, балаларға арналған тамақпен қамтамасыз ететін боламыз, - деді ол.
Айта кетейік, Қарасай ауданында 2022 жылы 2 үшем дүниеге келген болатын.
Алматы облысында үшемдер перзентханадан шықты
Последние статьи автора