Алматы облысында дәрігерлер 14 шеге жұтқан адамды құтқарды
Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасының хирург-дәрігерлері шизофрениямен ауыратын 39 жастағы ер адамның аш ішегінен жалпы көлемі 10 см 14 шеге алып шықты.
Хирургиялық бөлімше меңгерушісі, жоғары санатты хирург Марат Қыдыралиұлы Әбжановтың айтуынша, мұндай жағдайда рентген арқылы диагностика жасалады.
"Емдеу кезінде күту тактикасы қолданылуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда шұғыл хирургиялық әдіс қажет болды. Әрі пациенттің дәрігерге кеш қаралуы ескерілді. Сонымен қатар, пациентте перитонит клиникасы болды, бұл өлімге әкелуі мүмкін", - дейді Марат Қыдырәліұлы.
Науқас оқиғадан кейінгі үшінші күні ғана медициналық көмекке жүгінді. Оның айтуынша, ол өз-өзіне қол жұмсау мақсатында әдейі шеге жұтқан.
"Пациентке лапаротомия, ревизия, адгезияларды бөлу жүргізілді. Содан кейін гастротомия, асқазаннан бөгде заттарды алып тастау арқылы аш ішек аймағын резекциялау, жіңішке ішек анастомозы қолданылды және іш қуысын санациялау және дренаждау жүргізілді", - деді хирург.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылғанмен 2023 жылдың бірінші ақпанында перитонит клиникасымен бірге Қарасай ауданының ауруханасына қайта түсті. Бұл жолы науқас 10 см көлеміндегі бес шеге жұтқан. Ол болған оқиғадан кейін төртінші күні ғана медициналық көмекке жүгінді.
Бұл жағдайда перитонит клиникасының себебін кезекші хирург Нұрсұлтан Аманжолұлы Өмірзақ уақтылы анықтады. Шұғыл түрде науқасқа тағы да сол схема бойынша операция жасалып, нәтижесінде бес шеге алынып тасталды.
Осындай жағдайларда болжам бөгде дененің сипаттамасымен және медициналық көмек көрсетудің уақтылығымен анықталады.
Бүгінгі күні пациенттің жағдайы қанағаттанарлық. Науқастың туыстары Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасының дәрігерлеріне алғыс білдірді.