Қоғамдық талқылаудан түспейтін, алайда шешіліп, «піспейтін» мәселе не десек, онда, сөз жоқ, әліпби ауыстыру жайын айтар едік. Әліпби дауы берісі ХХ ғасыр басында Алаш арыстарының, әрісі түбі бір түркілердің шақшадай бастарын шарадай еткен болатын. Тіпті латынға көшу мәселесі Сталин тұсында бірқатар қазақ-түркі зиялыларының басын да жалмағанын тарихтың сарғайған беттері жасырмайды. 1940 жылдан бастап Ресей миссионер Ильминскийдің арманын жүзеге асырды, яғни түркі халықтарын орыс жазуын қабылдауға мәжбүр етті. Осылайша, түркілер ұлттық санасынан ажырай бастады.
1860 жылдары Ресей империясы тұсында Ильминский бастаған орыс миссионерлерінің түркі халықтарының жазуын отарлаудың саяси сценарийі тоталитарлық қоғам тұсында «сәтті» жүзеге асырылды. Осылайша, Ресей түркілердің жерін басып, материалдық игілікке ғана емес, әліпбиін орыстандырып, рухани үстемдікке де қол жеткізді. Әліпбиді орыстандыру – тілді орыстандыру, ал тілден айырылу дініміз бен ділімізді тұсаулап, кері тартқанын кеш түсіндік. Түсінсек те, мұның зардабымен күресе алмай, орысша ойлап, орыстанып, күні бүгінге дейін дәрменсіз халде жүрміз. Меніңше, әліпбидегі бодандықтан құтылмай, бостандықтың қадірін сезбейміз. Міне, осыны терең ұғынған тәуелсіз түркі мемлекеттері, атап айтқанда, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан азаттық алысымен отарлаушы ұлттың жазуынан құтылып, латынға көшіп, дамудың даңғыл жолына түсіп үлгерді. Ал мәселе бізге, яғни қазақтарға келгенде сағызша созылып кетті. Не керек, Тәуелсіздік алғалы бері латынға көшу күн тәртібіне жиі қойылып келеді. Мәселенің ауқымдылығы да сонда, бұған әліппе ұстап, әріп тани бастаған бүлдіршіннен бастап, әліппемен әлдеқашан қоштасып, қолына таяқ ұстаған зейнеткер қарттарға дейін бас қатырып, толғанады. Неге? Себебі мың толғанып жүргенімізде, мәселе тек қаріп ауыстыру секілді таза тілдік шеңберден шығып кеткелі қаша-ан... Отандық ғалымдар қазақ әліпбиінің негізін латын графикасына көшірудің тілдік, ақпараттық-коммуникациялық, мәдени-әлеуметтік, философиялық, экономикалық, педагогикалық т.б. қырларын қаншама рет сөз етті. Бірнеше жұмыс тобы, Үкімет жанынан комиссиялар құрылды. Осылайша, ғалымдар да, шенеуніктер де бұл мәселенің бәрібір Үкімет пен Парламент қабырғасында да шешілмейтіндігін ескерсе керек, ақырында «әліпби ауыстыру – саяси мәселе» деген тоқтамға келді. Бұлай деп айтуымызға негіз де жоқ емес. Біріншіден, мәселенің 20 жыл бойы шешілмеуінің өзі оның саяси салмақтылығын аңғартса, екіншіден, қазіргі «қазақстандық ұлт» идеологиясы салтанат құрған заманда қазақтың жазуын шешу, кім білсін, әлдебір этностардың көңілінен шықпай қалуы бек мүмкін ғой...
Жақында қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесі қайта көтерілді. Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен ІV құрылтайына жиналған әлем қазақтары қазақ билігіне шеттегі қандастардың бұйымтайы ретінде латынға тездетіп көшуді ұсынды. Шындығында да, жер бетінде тарыдай шашырап жүрген қазақтың басын бір біріктірсе, әліпби мен тіл біріктірері хақ. Өйткені қазіргі күнге дейін дүниежүзі қазақтары араб, кириллица, латын графикасы секілді үш түрлі қаріпке негізделген әліпбиді қолданып, соның салдарынан ортақ бір әріппен хат-хабар алмасуға, отандық оқулықтар мен әдебиеттерді оқуға келгенде тілі күрмелген мүшкіл жанның кейпін киіп келеді.
Ұлтты қалыптастырудың төте жолы – әліпбиде
Расында да, көп жылғы үзілістен кейін қазақ жазуын латынға көшіруді 2006 жылдың 28 қазанында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында Үкіметке тапсырған еді. Н.Ә.Назарбаев латын графикасына көшкен посткеңестік елдердің тәжірибесін зерделеуді ұсынған болатын. Осы ретте, болашақ саясаттанушы ретінде осы тақырыпты зерттеуге кіріскендердің қатарында мен де бар едім. Мен мәселенің саяси қырын қарастырдым. Осылайша мынадай жайттарға көз жеткіздім.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (ұлттық сана), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел халық болудан қалады», – деп айтқан. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз. Америкалық этносаясаттанушы Бенедикт Андерсонның «Елестетілетін қауымдастық» тұжырымдамасына сәйкес, ұлт елестетілетін саяси қауымдастық болып табылады екен. Ол өзінің бұл тұжырымдамасын Еуропада XV-XVI ғасырда басталған «баспа капитализмімен» (print capitalism) түсіндіреді. Андерсонның айтуынша, осы уақыттан бастап баспа капитализмі алдымен кітаптарды, кейіннен газет-журналдарды жаппай шығаруға ұйытқы болған. Әлемдік мәдениет жүйесінен ығысып, өлі тілдер қатарынан орын алған латын тілі ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, одан кейінгі кезеңдерде Шығыс Еуропа, Азия мен өзге де аймақ тілдерінің дамуына серпін берді. Осы кезеңде баспа өнімдерін оқитын бұқаралық оқырман қалыптасты. Үнемі бір баспа өнімін (газет, журнал, көркем әдебиет, оқулықтар т.б.) үзбей оқу арқылы оқырмандар санасында белгілі-бір іштей байланысқа негізделетін елестетілетін қауымдастық қалыптасты. Осылайша олардың бойында ортақ сәйкестілік пайда болып, ол ұлттың қалыптасуына алып келді. Қалыптасатын осы іштей өзара байланысты қауымдастықтың негізі оған кіретін мүшелерінің барлығының ортақ сәйкестілігі болып табылады. Осының нәтижесінде ұлт туып, дамиды. Андерсонның елестетілетін қауымдастық жөніндегі осы тұжырымдамасы арқылы ұлттың қалыптасуына жазудың ықпал еткенін ұғынамыз.
Қазақ ұлтының қалыптасуын Қазан төңкерісі тоқтатты
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен жүргізілген зерттеуде: «Қазақ елестетілетін қауымдастығы ХІХ ғасырдың соңында-ақ қалыптаса бастады, бірақ оның дамуын Қазан төңкерісі тоқтатты. Кеңестік кезеңде қазақ елестетілетін қауымдастығының дамуы оны идеологияландыру мен соған байланысты орыстандыру негізінде жүріп, оның басты элементі қазақ тілін кириллицаға көшіру болды. Елестетілетін қауымдастықты (яғни ұлтты) қалыптастыруға негіз болатын баспа өнімдері Қазақстанда толығымен кириллицада басылды және әлі де басылып келеді. Алайда тілдің материалдық тасымалдағышы ретінде жазу елестетілетін қауымдастықты қалыптастыру ісінде тіпті бірінші кезектегі мағынаға ие болады. Ол қазақтың ұлттық сана-сезімінің орыс тілі мен орыс мәдениеті жағына қарай бағдар алуына ықпал етіп келеді. Нәтижесінде қазақ сәйкестілігі көп жағдайда анықталмаған күйінде қалып отыр. Осы тұрғыда латын графикасына көшу қазақтардың нақтыланған ұлттық сәйкестілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанмен мәдени-тарихи тәжірибесі ұқсас Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстанның латын графикасына көшуін дәл осы көзқарас аясында қарастырған жөн» деген тұжырым жасалған. Иә, бұған толығымен қосылуға болады. Себебі әліпбидің графикалық жүйесін сақтау немесе ауыстыру ұлттық сәйкестілікті сақтауға немесе оны жаңадан қалыптастыруға негіз болады. Осы ретте, ұлттық сәйкестілігі қалыптаспай, ұлттық санасы ішінара орыстық сипат алған қазақтар үшін кириллицадан шығып, латын графикасын пайдалану кеңестік тоталитарлық сәйкестіліктен босанып, ұлттық сәйкестілікті қалыптастыруға негіз болмақ.
Кириллица жазуы орыс этносының ұлттық және діни сәйкестілігінің негізі екендігін ескерсек, Ресей Қазақстанның кириллицаны қолдануына мүдделі. Дәл сол секілді Қазақстандағы орыстармен орыстанған қазақтар да кириллицада қалуды жөн санайды. Психологиялық тұрғыдан кириллицаға үйренген орыстар мен орыстілді қауым қазақ жазуын латын графикасына көшірген тұста наразылық танытуы мүмкін. Осы негізде Қазақстанда этносаралық шиеленіс орын алуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Осы орайда ғалым Бақытжан Хасанұлы: «Біздіңше, жазудың қандай түріне көшсек те, күндердің күнінде көше қалсақ, Қазақстанды мекендеген барлық ұлттың, әсіресе орыстардың бірге көшуін ұйымдастыру – шарт. Әйтпесе қазақ халқының орыстілді, қазақтілді болып жікке бөлінуі беки түседі, қоғам ыдырайды», – деп тұжырымдайды. Иә, қазақ жазуын латынға көшіру процесінде елімізді мекендеген барлық этностарға қазақ әліпбиін үйретудің тиімділігі зор болмақ.
Жазу – ұлтты біріктіретін мәдени код
Саясаттанушы Рүстем Қазақбайұлы ұлттың дамуы жазуға негізделетінін жазу таңбасы діни қауымдастықтардың мәдени әр алуандығы мен аумақтық ауқымдылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарғанын исламды мысалға келтіре отырып, былай дейді: «Егер де индонезиялық Магинданао тұрғыны Меккеде бербер тайпасының өкілімен кездессе, бір-бірінің тілін білмеуі салдарынан ауызша қарым-қатынас жасай алмайды. Дегенмен олар бір-бірін жазбаша түсінуге қабілетті. Себебі тек қана классикалық араб тілінде бар әрбір сакральды мәтін олар үшін түсінікті болып саналады. Бұл тұрғыда жазбаша араб тілі қытай иероглифтеріне ұқсас қызмет атқарады. Қытайлықтар үшін иероглифтер біртұтас қытай ұлтын біріктіретін мәдени код болып саналады. Қытай тілінің түрлі бөлігі әр алуан айтылу нұсқасына ие. Бұл өз кезегінде елдегі ауызша коммуникацияға айтарлықтай кедергі болып табылады. Сол себепті қытайлар мұсылмандар әлемі секілді дыбыс арқылы емес, жазу таңбасы арқылы ортақ қауымдастыққа бірігеді».
Біртұтас ел боламыз десек...
Супердержавалар аз ұлттарды жұтып жатқан жаһандану дәуірінде біздер үшін де ұлт болып бірігудің маңызы зор. Бұл ретте, Қазақстанның қазақ елі екендігін айғақтайтын басты атрибут, ол – қазақ тілі. Ал қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі, қазақша ойлауы үшін орыс жазуынан құтылудан басқа жол жоқ. Олай болса, сөзден іске көшетін кез әлдеқашан жетті. Латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ ұлттық сәйкестілігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, түркі әлемімен, әлем қазақтарымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ғаламторда қазақ жазуы толық оқылып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсекеге қабілетті ұлт боларымыз анық.
Әліпбидегі бодандықтан құтылсақ қана біртұтас ұлт боламыз
Последние статьи автора