Алдымен әлемдік саяси жағдайларды, сосын ірі өнеркәсіп
Дүбірлі форумның діттеген мақсаты Қазақстан мемлекетінің экономикалық саясаты мен ғылыми жетістіктерін, сондай-ақ жеке сектордың бастамаларын бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Сол арқылы дағдарыстан кейінгі әлемдік экономика мен мемлекеттердің тұрақты дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыру тетіктерін әзірлеу. Осы мәселелерді нысанаға алған биылғы форум «Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономикалық даму» тақырыбына арналды. Экономикалық тақырыпты таразыға салып жатқан жиындағы жағымды жаңалық ретінде еліміздің өткен жылдың қорытындысы бойынша рецессияға жол бермегенін айту аса маңызды болары анық. Яғни қаржылық қиындыққа қарамай, Қазақстан экономиканың өсімін сақтап қалды. Аталмыш форумда осы жайды жария еткен Елбасы: «Қаржы дағдарысы еліміз үшін нағыз сынақ кезеңі болды. Бірақ уақтылы және экономикалық жаңғырту стратегиясын жүзеге асырудың арқасында біз бұдан оңтайлы жол тауып шыға білдік»,– деді.
Экономика мен экология — егіз ұғым
Жиын барысында Елбасы экономикалық өсіммен қатар, экологиялық мәселені назардан тыс қалдырмау қажеттігін баса айтты. Бұл тұрғыда Президент жиналған қауымның есіне Мексика шығанағындағы табиғатты бүлдіріп, теңіз суын ластаған трагедиялық жағдайды салды.
Яғни экономикалық өсімді қуып, өз пайдамызды ғана ойламай, экология мен климат мәселесін де жіті назарда ұстау қажеттігін қадап айтты. «Мексикадағы жағдай — сондай қайғылы оқиғалар салдарының бізге жасаған ескертуі» деген ой білдірді. Осыған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемге жаңа экологиялық қауіпсіздік технологиялары мен осы технологияларды алмасу шаралары қажет деп санайды. Сонымен бірге қайта қалпына келтірілетін энергия көздерін кеңінен пайдалануды ретке келтіру шарт екенін қаперге салды. Осы тұрғыда Елбасы жақында «Қазақстан — Еуропа мен Азия арасындағы жасыл көпір» деп аталатын жаңа экологиялық декларацияны құру бастамасын көтергенін еске салып өтті. «Бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы үдерісті жылдамдатуға, жасыл экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Президент жиналған қауым алдында.
Жаңа валюта не үшін керек?
Әлемдік азулы қаржыгерлер алдында Елбасы өзінің әлемдік экономика үшін жаһандық валюта қажеттігі жөніндегі ұстанымынан әсте айнымайтынын жеткізді. Сондықтан да «келесі форум осы тақырыпқа арналса, жақсы болар еді» деген пікірін құлаққағыс етті. Себебі жаңа валюта макроэкономикалық жағдайдың бүгінгіден де тұрақты бола түсуі үшін қажет. Соған сай Қазақ елінің жетекшісі әлемнің жаңа қаржы құрылымын жасайтын уақыт жеткенін батыл айтты. Және оның негізі қаржы нарықтарын жаһандық деңгейде бақылау мен реттеу шарасы болуы тиіс. Президент бұл тұрғыдағы ойын былай түйді: «Әлемде экономика, қаржы түйткілін арқау еткен бүгінгідей үлкен жиындар көптеп ұйымдастырылуда. Дегенмен олардың бірде-бірінде «дағдарыстың салдары, оның түпкі негізі неде жатыр?» деген мәселе төңірегінде пікір таластыру болмапты. Ал мұның түп-төркінін анықтап алмасақ, біз бұл қателікпен әлі талай рет бетпе-бет келетін боламыз».
Еуразия біртұтас бағыт ұстануы қажет
Елбасы форумда «Еуразия құрлығы болашақта тұрақты түрде интеграцияланып отыруы тиіс» екендігін тағы қайталады. Еуропа мен Азия — ежелден бір-бірімен аралас-құралас, ықпалдастығы жалғасып келе жатқан аймақтар. Бертін келе бұл жалғастық үзіліп қалғанымен, жаңа онжылдықта екі құрлық арасындағы тауар айналымы қайта жанданды. Бүгінде Еуразия континенті әлем тұтынып отырған тауарлардың жартысынан көбін өндіріп отыр. Бұл аймақта қазір әлем халқының үштен екі бөлігі тұрып жатыр. Арадағы тарихи байланысты осылай түйіндеп өткен Елбасы алдағы уақытта аталмыш континенттің маңызы арта түспесе, кемімейтінін айтты. Дегенмен байланыс үшін байыпты саясаттың қажет екенін жеткізген Н.Назарбаев оны жүзеге асыратын жүйелі құжаттың қажет екенін қаперге салды. «Бұл аймақтағы интеграциялық үдерістер бір-бірімен бәсекелесіп отырған блоктар негізінде жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде Еуропа мен Азияның әлеует мүмкіндігін толық пайдалануға жол бермей отыр. Мен Еуропа мен Азияның өте терең әрі тұрақты түрде ықпалдасып отыруын қалаймын. Сондықтан ойлаған мақсаттың барынша қарқынды жүзеге асуы үшін осы үдерістің жүрісін реттеп отыратын құжат дайындау қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Елбасы ЕҚЫҰ-ға орта және алыс перспективаға арналған экономикалық өлшемдер бойынша жол басшы жаңа құжат әзірлеу қажеттігін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Бұл туралы Президент Н.Назарбаев: «Көптеген мемлекеттер «үлкен сегіздік», «үлкен жиырмалық», Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді түрлі ықпалдастық құрылымдарға қатыса отырып, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе ретінде дағдарыстан кейінгі даму мәселесін белсенді түрде талқылауда. Ал ЕҚЫҰ аясында дағдарыстық және дағдарысты еңсеру проблемасы талқылана қойған жоқ. Сондықтан мен шартты түрде «Майстрих+» деп атауға болатын жаңа құжатты әзірлеуге кірісуді ұсынамын», – деді. Жаңа құжат өзгерген әлемнің қазіргі замандағы дағдарыстан соңғы нақты жағдайын көрсете отырып, ортаңғы және алыс перспективаға жол сілтеуі қажет. Елбасының айтуынша, бұл тақырып осы жылдың соңында Астанада өтуі жоспарланып отырған ЕҚЫҰ Мемлекет басшылары саммитінде талқылауға ұсынылмақшы.
Кеден одағының тұсауы кесілді
ІІІ Астаналық экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы ресми бастау алғанын жария етті. «Бұдан әрі қарай өзара ықпалдастық қажет етіледі. Өткен 10 жылдықта ықпалдастық барысы түрлі континенттер арасында жасалды. Біздің алдымызда еуразиялық континент ішіндегі әлеуетті пайдалану арқылы орасан зор мүмкіндіктер ашылуда, оның айқын дәлелі ретінде Қазақстан мен Ресей арасында құрылып, бүгін қол қойылған Кеден одағы мысал бола алады. Шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы басталғанын мәлімдеймін», – деді Қазақстан Президенті.
Астана төріндегі ауқымды жиынға әлемнің 50 мемлекетінен екі мыңнан астам іскер топ өкілдері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысуда. Форумның ұйымдастырушылары – «Ғалымдардың Еуразия экономикалық клубы» мен Экономикалық даму және сауда министрлігі, «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы. Бүгінде жалғасатын басқосуда түрлі баяндамалар жасалып, спикерлер дағдарыстан кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды мәселелері бойынша пікірталасқа қатысады.
Сондай-ақ ІІІ Астаналық экономикалық форумы барысында өнеркәсіпшілердің іскерлік форумы өтіп, оған әлем елдерінен 300 делегаттың қатысуы көзделген.
Форум жұмысының алғашқы күнінде «Әлемнің мемлекеттік жекеменшік әріптестік (МЖМӘ) орталықтарының конференциясы» тақырыбында конференция өтті. Оған МЖМӘ орталықтарының, жергілікті және орталық атқарушы органдардың өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Сонымен бірге форум шеңберінде дағдарыстан кейінгі жағдайда исламдық қаржыландыруды реттеу тетіктеріне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараның басты мақсаты – Қазақстанда исламдық қаржыландыруды реттеудің біртұтас жүйесін қалыптастыру.
Ал Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль елдерінің инновациялар мен технологиялар жөніндегі мемлекеттік құрылымдарының өкілдері ұлттық инновациялық экономиканы дамытудың оң тәжірибесімен бөлісіп, Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы инновациялық саясат үшін өз ұсыныстарын ортаға салды.