Астана күні мерекесінің биылғы бағдарламасы да ерекше қызықтардан кенде еместігін жазған едік. Соның бірі – әлемге әйгілі Du Soleil циркі. Бұл цирктің өзге цирктерден айырмасы – өз қойылымдарында жануарларды пайдаланбайтындығы болса, ең басты ерекшелігі – әлем жұртшылығының аузын ашып, көзін жұмып тамсандырған өнер қойылымдары. 1984 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан осынау цирк бүгінге дейін әлемнің 40-тан аса елінің 300-ден астам қаласында қалың жұртшылықты ғажайып әсерге бөлеп, өнеріне сүйсінткен. Оның бүгінгі таңдағы көрермендерінің саны 100 миллионнан асып жығылады.
Міне, осы цирк Астана қаласының 14 жылдығына орай, қала әкімдігінің шақыруын қабыл алып, елорда жұртшылығы мен қонақтарына 60 минуттық арнайы шоу бағдарламасын әзірлеп келіпті. Осының өзі-ақ небәрі 14 жылдық тарихы бар Астана қаласына аты әлемге мәшһүр цирктің көрсеткен зор ілтипаты деп түсінуге болады. Өйткені бұл цирктің қойылымдары екі-үш жыл алға жоспарланып, әрбір бағдарламасын бірнеше жыл дайындап барып, көрерменге ұсынатыны мәлім. Сондықтан оның әлемнің түрлі қалаларында жұмыс істейтін өнерпаздары мен қызметкерлерінің бос уақыты мүлде жоқ деуге болады. Соған қарамастан, цирк басшылығы Астананың шақыруын жерге тастамай, Қазақстан үшін арнайы шоу бағдарлама даярлапты. Оны кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында Du Soleil циркінің атқарушы директоры Жак Метэ айтты. «Өкінішке қарай, Астанаға біздің тұрақты шоу бағдарламамызды әкелуге мүмкіндік болмады. Өйткені ол үлкен дайындықты қажет етеді, екінші жағынан, бос уақыттары да жоқ. Бірақ біз астаналық көрермендер біздің қойылымдарымыздың тым құрығанда бір ширегін көріп, дәмін сезінуі үшін әртістерімізден бөлек бір топ жасақтадық. Ал дайындыққа біз үшін мүлде қысқа уақыт 1,5-2 ай ғана мұрсат болғандықтан, әдеттегі 90 минуттық қойылымның орнына 60 минуттық шағын шоу әзірледік», – деді ол баспасөз мәслихатында. Ал ол қандай шоу болатынын цирктің қоюшы режиссері Вероник Дюссо тарқатты. «Қойылымның басты тақырыбы – Астананың болашағы. Онда қала тұрғындарына жарқын болашақтың ғажайып тіршілік көріністерін таныстыратын болашақтан келген балалармен кездесу көрінісі қойылады. Шоуды алып шарда өнер көрсететін гимнасттар ашады. Олар секіру, ұшу секілді түрлі өнерлер көрсетеді. Ал қойылымның шырқау шегі – мәресі тіпті ғажайып болады», – деген Дюссо ханым бұл көрермен үшін тосын сый екендігін айтып, құпиясын ашпады.
Жак МЕТЭ, Du Soleil циркінің атқарушы директоры:
– Біздің циркте жануарлар мүлде пайдаланылмайды. Біздің басты ерекшеліктеріміздің бірі де – осы. Тек бірен-саран қойылымдарымызда ғана құстар пайдаланылады. Бірақ оның өзі мүлде сирек.
P.S.
Du Soleil циркі бүгін Астананың «Қазақстан» спорт сарайында елорданың туған күніне арналған арнайы шоу бағдарламасын паш етеді. Қызықтан құр қалмаңыз, ағайын!