Дағдарыстың дауылы басылмай тұрған шақта әлем жұртшылығы Еуразия кіндігіндегі Астанаға көз тікті. Жаһандық құбылыспен жеке-дара емес, жұмыла күресуге үндеген Астана экономикалық форумының бұл жолғы ерекшелігі оның ауқымының кеңіп, мазмұнының маңызы арта түскендігінде болып отыр. Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция салтанатты түрде ашылды. Әлемнің көшбасшы тұлғалары, беделі зор сәуегей саясаткерлері, қаржы һәм экономика саласының сақа сарапшылары, мемлекет қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың басшылары Қазақ елінің астанасында тағы да бас қосып, жаһан үшін жайлы жолды іздестіру мақсатында пікір таластыруға жиналды.
Әлбетте, сонау дағдарыс басталмай тұрған жылдары сауын айтылған Астана экономикалық форумының бүгінгі келбеті салмақты әрі жыл сайын маңызы мен ауқымы да кеңейіп келеді. Салмақты болатын себебі делегаттардың саны 10 мыңға тартып, ірі-ірі ғалымдар мен аузы дуалы сарапшылардан бастап, әлемге мәшһүр бола бастаған теоретик-тәжірибешілерді біріктіреді. Биылғы басқосуға 131 мемлекеттен 3 мыңнан астам шетелдік келіпті. Маңызы мен ауқымының кеңдігіне келсек, Астана форумы аясында 70-ке тарта іс-шаралар жоспарға енген. Ал осындай күллі әлем көз тігетін жаһандық құбылыстың мақсаты – бүгінгі қатерлерге жауап табу, үн қату. Бұл ғана емес, 6 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бастама жасалған форум мыңжылдық қауіп-қатерлерімен жұмыс істеу үшін әлем мойындаған ғылым қайраткерлеріне жаһандық платформа ұсынуымен де ерекшеленеді. G-global алаңы да жаһанның жағымды жаңалығына айналып отырғаны шындық. Сөйтіп, кешегі басқосуға БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-інші сессиясының төрағасы Вук Еремич, БҰҰ Экономика және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Нестор Осорио, Фиджи аралдары республикасының сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі, Қытай және 77 тобының төрағасы Р.Кубуабола, БҰҰ Бас хатшысының экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У.Хунбо, БҰҰ ЮНКТАД сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы С.Панитчпакди, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Еуропа экономика комиссиясының атқарушы хатшысы С.Алкалай және БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған экономика және әлеуметтік комиссиясының бас экономисі және директоры Н.Кумар қатысты.
Нобельшілер, атап айтқанда экономика бойынша 1994 жылғы лауреат Д.Нэш, 1996 жылғы лауреат Д.Мирлис, 1999 жылғы лауреат Р.Манделл, 2004 жылғы лауреаттар Э.Прескотт және Ф.Кидланд, 2005 жылғы лауреат Р.Ауманн, 2010 жылғы лауреат К.Писсаридес, физика бойынша 2006 жылғы лауреат Д.Смут, физиология мен медицина бойынша 1991 жылғы лауреат Э.Неер конференция маңызын асқақтата түсті.
Жаһандық дағдарыс жергілікті қаржы жүйесінің жарылысына ұшырататын жаңа сатыға ауысып келеді
Астана форумы мен дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның салтанатты ашылу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев, ең алдымен, алқалы жиынға қолдау білдіргені үшін БҰҰ жетекшілеріне ризашылығын білдірді. Сосын Елбасы 5 жыл бойы тұрақты өтіп келе жатқан сұхбаттастық алаңының ерекшелігіне де тоқталып өтті. G-GLOBAL-дың интернеттегі коммуникативті алаңының қызметі Астана форумын үздіксіз он-лайн талқылаудың орталығына айналдырды. Оған ғаламдық желінің 120 мыңнан астам тұрақты тұтынушысы қатысуда. Астана форумының әлеуеті арта түскеніне басқа да айғақтар арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, бір жыл бұрын мен осы мінберден G-GLOBAL атты ХХІ ғасырдың жаңа әлемдік құрылымы идеясын ұсынған едім. Бүгінгі таңда тек Google ақпарат іздеу жүйесінің өзі осы терминге қатысты миллиардқа жуық сілтеме жасайды. Мен Астана экономикалық форумы мен Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы күрес конференциясы аясындағы пікірталастардың қорытындысына аймақтық және жаһандық деңгейдегі сұраныстың арта түсеріне сенімдімін», – деді Н.Назарбаев. Сосын Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың талқысына шығарылып отырған өзекті мәселелерге қатысты өз ойын ортаға салды. Оның ішінде, ең алдымен, Елбасы дағдарысқа қарсы концептуалды қадамдардың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте Президент әлемнің соңғы жылдардағы дағдарыс құбылыстарынан сабақ алуы керектігін алға тартты. «Былтырғы жылдың соңына таман ғана әлем жұртшылығының басым бөлігі дерлік ХХ ғасырдағы жалпыәлемдік жаһандық экономикалық дағдарысты «тарихтың жабылған парағы» деп есептеген болатын. Көптеген қаржы институттары да бұған бізді нық сендірмек болды. Алайда эйфория орын алмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің құрдымға кетуі экономикалық тұрақтылық дәуірінің жақындап қалғаны туралы әңгімеге сенімсіздік тудырды», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Президент «Кипр инцидентін» жаһандық дағдарыспен байланыстыруды жоққа шығаратын қайсыбір бағалаулармен де таныс екенін, алайда фактінің өзі бәрін айқындап тұрғанын атап өтті. Елбасының пайымынша, тіпті экономикада «ысылмаған» қарапайым сарапшылардың өзі Кипр банктерінің проблемасы мен бұдан бес жыл бұрынғы америкалық ипотека агенттіктерінің құлдырауы арасындағы ұқсастықтарды атап бере алады. «Бұл, ең алдымен, қаржы көпіршіктерін қолдан үлкейту, «жеңіл ақшаға» деген ашкөздік, ұлттық қаржы институттарында тиісті жауапкершіліктің болмауы, жаһандық қаржы құрылымдарының әлсіздігі. Негізі, жаһандық дағдарыстың осы және басқа да іргелі себептері әлі де жойылған емес», – деді Н.Назарбаев. Яғни жаһандық дағдарысты аяқталды деуге еш келмейді деген сөз. Керісінше, Президенттің пайымынша, бұл бірқатар жергілікті қаржы жүйесінің ауыр жарылыстарымен ілесе жүретін жаңа сатыға ауысып келе жатқан тәрізді. Сондықтан Н.Назарбаев мұны дағдарысқа қарсы жаһандық жоспар әзірлеу барысында қаперде ұстанатын бірінші сабақ ретінде атап өтті.
Аз қамтылғандардың басым бөлігі «G-20»-да
Бұдан бөлек, Елбасы жаһандық рецессия парадоксалды болғанына қарамастан, дағдарысқа қарсы іс-шаралар ұлттық деңгейде ғана жүргізіліп отырғанына назар аударып өтті. «Әлбетте, әрбір әрекет әрекетсіз отырғаннан жақсы. Қазақстан осы дағдарысқа қарсы бағдарламаны сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде жұмыс орындары, экономика қарқыны сақталды. Дегенмен дағдарысқа қарсы «G-20» тобының ұсыныстары толық іске асқан жоқ. Көптеген мемлекеттер әлі де протекциялық шараларды жүзеге асыруда. Бұл дегеніміз әлемдік сауданың бәсеңдеуіне, жаһандық және өңірлік деңгейдегі бағаның төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар трансшекаралық несиелеу мен инвестициялау көлемі төмендеп, олар қазіргі күні дағдарысқа дейінгі кезеңнің 60 пайызын құрап отыр», – деді Н.Назарбаев. Ал одан да маңыздысы – адамдардың әлеуметтік жай-күйінің күрт төмендеуінде болып отыр. Оған қоса, жаһандық жұмыссыздық та өсіп жатыр. Мәселен, Дүниежүзілік еңбек ұйымының болжамды мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың өзінде әлемде жұмыссыздар саны 200 млн адамды құрайды. Ал жыл басында-ақ Еуропада 26 млн жұмыссыз тіркелген болатын. Бұл осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Осындай мәліметтерді алға тартқан Елбасы көптеген мемлекеттерде білім беруге, денсаулық сақтау мен адами әлеуетті дамытуға бағытталған шығыстар қысқарып жатқанын айтып, мұның барлығы жаһандық әлеуметтік дағдарыстың көрінісі екеніне тоқталды. «Осының өзін адамның, жалпылама дамыған қоғамның өмір сүруіне төніп тұрған қатер деуге болады. Оксфорд сарапшыларының бағалауы бойынша, Жер шарындағы аз қамтылған адамдардың басым бөлігі «G-20» тобы мемлекеттерінде өмір сүріп жатыр. 250 млн-ға тарта адам жайлы өмір іздеп, әлеуметтік проблемалардан бас сауғалап көшіп-қонуда. Сонымен бірге басым мемлекеттердегі орын алған әлеуметтік әділетсіздік қаржы-экономикалық тиімсіздіктің, дағдарыстың көрінісі болып табылады», – деді Мемлекет басшысы.
ХХІ ғасырға жаңа экономикалық үлгі керек
Қазақстан Президенті алға тартқан дағдарыстың келесі сабағы жаһандық валюта мәселесіне тікелей қатысты. Дәл осы мәселені Елбасы дүркін-дүркін көтергені есте. «Осыдан төрт жыл бұрынғы «Дағдарыстың кілті» атты мақаламда мен әлемдік валюта жүйесінің кемістігін ағымдағы экономикалық дауылдың басты себебі деп атаған едім. Еске сала кетейін, мен эмиссия тәртібі мен әлемдік валюта айналысын өзгертуге табанды түрде шақырған болатынмын. Өйткені бұлар заңдылық, демократиялық, тиімді басқарушылық және жауапкершілік секілді маңызды өлшемдерге еш жауап бермейді. Алайда бізде әлі күнге дейін жаһандық дағдарыстың тиімді тетіктері де, сенімді әлемдік валюта резерві де, не болмаса өңірлік валюталық топтар да жоқ, Түбегейлі шешімдер қабылдау үшін жеткілікті түрде ерік те, жауапкершілік те көрініс таппады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан соң, Елбасы Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуде маңызды мәселе ретінде сенім дефицитін еңсеруді атады. Мемлекет басшысы: «Мен жаһандық дағдарыс шынымен де сенім дағдарысының болуынан деген пікірмен толық келісемін. Өйткені жаһандық қаржы институттары мен ұлттық мемлекеттер арасында, қаржы секторы мен шынайы экономика субъектілері арасында шынайы сенім жоқ. Ортақ сенім болмаса, дағдарысқа қарсы жоспарлардың барлығы да «кезекті қуысты жамауға» ұрындыра береді», – деді Н.Назарбаев. Сондықтан да Президент ХХІ ғасырда жаңа экономикалық үлгі қажет деп санйды. Мұндай үлгі әділ, шынайы әлемдік қаржы жүйесіне негізделуі қажет әрі онда арбап-алдау, жауапсыздық сынды мәселелерге орын болмауы тиіс.
Жаһандық «экономикалық өртті» саяси тұрақсыздықтың суымен тасқындатып сөндіру мүмкін емес
Дағдарыстан алар және бір сабақ – шаманы сезіну. «Біріншіден, жаһандық, ұлттық деңгейде болсын қаржы секторы шынайы өндірістен бөлек дами алмайды. Дағдарыс алдындағы жағдайға көз жүгіртсек, дериваттар айналымы жер шарының ЖІӨ-нен 8 есеге асып түсті. Бұның өзі жаһандық экономика үшін өзін-өзі құрбандыққа шалумен тең еді. Сондықтан да жаһандық қаржылық дамуды басқаруды реформалауда құнды қағаздар нарығын реттеу моделін жасауға көбірек көңіл бөлу керек. Екіншіден, оффшорларға жаһандық тұрғыдан бақылау жүргізуге көбірек ден қою керек», – деді Президент. Өйткені, Елбасының сөзіне қарағанда, ұлттық экономикалардан оффшорлық аймақтарға алып кетілген қаражат ауқымы 30 трлн долларға дейін жетеді екен. Яғни қауіп бар – бұлар кез келген уақытта жарылуы ықтимал, баяу іске қосылатын минамен тең. «Жалпы, қазірі жаһандық дағдарысты көп өлшемді деп айтуға болады. Мен оны жаһандастырылған жалпылама әлемнің тұңғыш дағдарысы деп бекер атап отырған жоқпын. Жаһандық дағдарыс барысы мен қарқыны тек экономикалық себептермен ғана анықталмайды. Сонымен қатар саяси, гуманитарлық және моральдық себептермен де нақтыланады», – деді Президент Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы халықаралық көмектің созылмалы реципиенттеріне айналған мемлекеттердің саны көбейіп отырғанын, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ішкі қақтығыстар да әлемдік экономикаға ауыр жүк болып отырғанын алға тартты. «Солтүстік Африкада болған жайттар осы әлемдік экономикаға донор болған мемлекеттердің өздері реципиентке айналғанын байқауға болады. Дегенмен мұндай «әлемдік экономикалық өртті» саяси тұрақсыздықтың суымен тасқындатып сөндіру мүмкін емес. Жаңа әділетті әлемдік тәртіп құрылмай, жаһандық жаңа экономика құру туралы ойлау ақылға сыйымсыз», – деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы.
Келешекке үреймен қарасақ, келешек те бізге үрейленіп қарайды
Президент кез келген дағдарысты, ең алдымен, түбегейлі өзгерістер мүмкіндігі деп қарауға шақырады. Ал ондай өзгерістер көпшіліктен туатын пікірден келеді. Бұл ретте Елбасы осыдан дәл бір жыл бұрын айтылған G-GLOBAL идеясының іске асырылуына тоқталды. Жалпы, G-GLOBAL алаңының өзі басты бес қағидатқа негізделгені белгілі. Бұлар: саясаттағы революциядан бас тарту және эволюция; әділеттілік, теңдік және консенсус; жаһандық толеранттық және сенім; жаһандық транспоренттілік; сындарлы көпполярлық. Президент дәл осы бес қағидатқа негізделе отырып, ХХІ ғасырда кез келген жаһандық проблема бойынша ортақ сұхбаттастық құруға, барлық қатынасушылар арасында тиімді шешім табуға болатынына сенімді. «Сондықтан да мен G-Global жолын қуатындар саны алдағы уақытта да арта түседі деген үміттемін. Бұл идеяның бұдан ары қарай дамуы үшін Рим және Мадрид клубтары үлгісі бойынша G-Global қамқоршылық кеңесін құруды ұсынамын. Оның аясында идеяның іргелі аспектілерін зерттеу қаржыландырылуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа саяси бағытты айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы туралы айтып, ондағы басты басымдықтарға да тоқталып өтті. Президент 4 жылдан кейін Астанада «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетініне тоқталып, әлемнің барлық бұрышынан іскерлік топтарды осынау көрменің дайындық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.