«Алаш айнасының» журналисі – алаугерлер қатарында
«Алаш айнасы» газетінің тілшісі Салтан Сәкен VII қысқы Азия ойындары алауының эстафетасына қатыспақшы. «Жаңа жеңістер алауы» атты байқаудан сүрінбей өткен әріптесіміз алау алып жүру құрметіне ие болды.
Кувейттен жеткен қастерлі алау қаңтардың 30-ында Ақ Азиада басталар сәтке дейін еліміздің барлық аймағын шарлап шықпақшы. Эстафетаның жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш ірі халықаралық спорт бәсекесінің маңызды нышанын алып жүруге елге еңбегімен танылған жүзден жүйрік айтулылар ғана іріктеп алынды. Мыңнан астам адамның арасында «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Салтан Сәкен де бар. Жас журналист Олимпиада алауын Қарағанды облысы бойынша алып жүретіндердің қатарына енді. Сәкен Сайранұлы Салтан 1988 жылы 15 маусымда туған. Ол – «Алаш айнасының» Астана қаласындағы бюросының тілшісі.