Спорт саласында ұлттық құндылықтарды дәріптеуден гөрі америкалық және еуропалық имиджіге еліктеу басым. Бұл тұрғыда команда атауларына ғана көңіл аударсақ, көп нәрсені аңғарамыз.
Дәл қазір баскетболымызда, волейболымызда және футболымызда тым тұрпайы команда атаулары көп. Бүгінде біздің елде ең көп тараған атаудың бірі «Иртыш» болып тұр. Оны қазақтілді басылымдар «Ертіс» деп жазамыз. Алайда бұл – «ұялған тек тұрмастың» кебі ғана. Өйткені заңды тұлға ретінде тіркелген атауы – «Иртыш». Әрі жұрнақ жалғап, алуан түрлі аталатындары да бар. Мәселен, футболда «Иртыш» деп қана аталса, баскетболда «Иртыш-ПНХЗ», волейболда «Иртыш-Казхром» және «Иртыш-АО АК» деп кете береді. Бәрі де – Павлодар қаласының клубтары.
Баскетболымызда «Тигры» немесе «Тайгерс» (Астана), «Тобол» (Қостанай) деген командалар да бар. Сондай-ақ ел чемпионатында Атыраудың «Барсы» деп айдар таққан не орысша емес, не қазақша емес клубы өнер көрсетеді. Волейболда «Конденсат» (Орал) «Металлург-АМТ» (Теміртау) деген клубтарымыздың бар екендігін білетін де боларсыздар. Сонымен қатар Өскеменнің «Шыгыс-СвинецСтрой» деген жаңылтпаш сөзге жақын клубы да бақ сынайды. Осы орайда «ТНК Казхром» (Хромтау), «ВСМК-Арселормиттал» (Теміртау), «КИнЭУ» (Қостанай), «Жайык-Конденсат» (Орал), «Ұшқын-Искра» (Астана), «Есиль-Виктория» (Петропавл) деген бірнеше тілді қамтитын, тіпті бір мағынаны екі тілде білдіретін клуб атаулары бар екенін де ескере кеткіміз келеді.
Футболымызда «Иртыш», «Тобол», «Шахтер», «Восток» деген клубтар премьер-лигада ойнайды. «Шахтерден» басқасының шежіресін шыңырау деп айта алмаймыз. Жоғарыда волейболдан ел чемпионатының жоғарғы тобында («Б» тобында) ойнайтын ерлер арасындағы астаналық клубтың атауының арқасында «ұшқын» деген сөздің орысшасы «искра» екенін білдік қой. Енді еліміздегі спорт клубтары арқылы сауатымызды ашуды жалғастырсақ, Екібастұз «Экибастуз» болып жазылады. Мұны да біле жүріңіздер. Өйткені футболдан бірінші лигада ойнайтын Екібастұз қаласының командасы осылай аталады. Осы лигадағы Қарағанды клубы «Гефест» деп аталады. Оның мағынасын білу үшін Википедияға немесе әртүрлі сөздіктерге жүгіне жатарсыздар.
Алматының «Цесна» деп аталатын клубы да осында.
Гандболдан әйелдер арасындағы Қызылорда клубы «Сейхун-КАМ» деп аталады. Өте дұрыс. Өйткені сол мағынаны қазақша «Сырдария» деп атасақ, тілімізге сүйел шығуы да ғажап емес...
Қайта шайбалы хоккейдегі жағдайымыз көш ілгері. Жоғары топтағы 10 команданың екеуі ғана орысша аталады: «Казцинк-Торпедо» (Өскемен) және «Горняк» (Рудный).
Енді қазақ тілінде аталатын кейбір клубтардың атауының брендке айналып бара жатқандығына көңіл аударғымыз келеді. Мысалы, «Астана» атауы спортқа да әр беріп жүр. Тіпті халықаралық аренада жаттанды бола бастады. Велоспорттан, волейболдан, футболдан және баскетболдан елордалық клубтар осылай аталады. Ел ішінде «Жетісу» десе – Талдықорғанды, «Ақжайық» десе – Оралды, «Ордабасы» десе – Шымкентті, «Сарыарқа» десе – Қарағандыны, «Оқжетпес» десе – Көкшетауды көз алдымызға елестететін дәрежеге жеттік. Бұған да шүкір. Әрі дәл осылай аталатын клубтарды спорттың бірнеше түрінен кездестіруге де болады. Яғни бұлар да брендке айналып барады.
Қазақстандағы клубтардың жер-су атауларымен аталғаны өте жарасымды сияқты. Мысалы, «Тараз» (Тараз), «Алматы» (Алматы), «Атырау» (Атырау), «Ақтөбе» (Ақтөбе) деген қоссөздерден гөрі жоғарыдағы атаулар әлдеқайда артық емес пе? Тым болмаса «Қайсар» (Қызылорда), «Қайрат» (Алматы), «Қазығұрт» (Шымкент) деп аталса, қанеки? Болашақта спорттық клубтар атауы «Отырар», «Шалқар», «Торғай», «Байқоңыр», «Алатау», «Қаратау», «Ұлытау», «Әулиеата», «Баянауыл», «Жасыбай», «Балқаш», «Мұқалжар» деп аталса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Кейбір спорт түрлерінде «Каспий» деген клубтар бар. Бірақ көп елге ортақ Каспийден гөрі өзімізде ғана бар Балқаш артық болмай ма? Соған да көңіл аударсақ. Мысалы, «Иртыш», «Тобол», «Урал» деген командалар Ресейде жеткілікті. Сондықтан мұны Ресейге еліктеу деп қана түсінеміз.
Біздің спортта демеушінің сойылын соғып, демеушінің атауын клуб атауына жапсырып алатын немесе тұп-тура солай аталып шыға келетін жайттар көп. Иә, демеушінің де атын шығару керек. Оған талас жоқ. Бірақ команда атауына қыстырмай, демеуші компания атауын шетелдердегідей жейденің алдына жазып алса да жетпей ме? Сол команда ойын өткізетін алаңды немесе стадионды демеуші компанияның тауар белгісімен безендіріп тастаса да, ұтымды болмай ма? Біздікі құр асырасілтеу сияқты. Әлде «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтың» кері ме?!
Ала-құла клуб атауларын ана тіліне қашан көшіреміз?
Последние статьи автора