Аягөз гарнизонында 90 әскериге пәтер кілті табысталды (ФОТО)
Еліміздің шығысындағы Аягөз гарнизонында 90 әскери қызметші мен олардың отбасы қоныс тойын тойлады. Күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй ел игілігіне берілді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскер қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағанов әскерилер мен олардың отбасын қуанышты оқиғамен құттықтап, әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтылғанын атап өтті.
02352 әскери бөлімі инженерлік бөгеттер ротасының саперы – аға маман ефрейтор Талғатбек Қалиевтің отбасы бұл күнді көптен күткен.
«Шығыс» ӨңҚ қолбасшысы тоғыз бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптыларға пәтер кілтін табыс етіп, теледидар сыйға тартты.
«Біздің отбасымыз үшін бүгін – ерекше күн. Біз де, балаларымыз да жаңа да жайлы пәтерге қоныс аударғанымызға қуаныштымыз», - дейді әскери қызметші.
Бүгінгі таңда әскерилердің тұрмысын жақсарту –Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі.
Елімізде жыл сайын құрылыс, күрделі жөндеу және сатып алу жолымен ондаған мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі.
Биыл 1639 пәтерді тапсыру жоспарланып отыр. Соның арқасында Астана (Қырқыншы ст.), Ақтау, Семей, Алматы, Аягөз, Үшарал қалалары мен Б.Момышұлы, Сарыөзек, Арнасай, Гвардейский кенттеріндегі әскерилер баспаналы болмақ.