Британдық сазгер Карл Дженкинс қазақ даласынан шыққан ұлыларға арналған туындыларының алғашқысын 2010 жылы шығарды. Ол симфония «Шәкәрім» деп аталды. Қазақстандық сазгер Серік Еркімбековпен бірлесе отырып, ағылшын сазгері былтыр күзде «Шәкәрім» симфониясын жұртшылыққа тарту еткен-ді. Шығарманың жарыққа шығуына қазақстандық бизнесмен, қазірде Лондонда тұратын Медғат Құлжанов демеушілік жасаған болатын. Қазақстандықтар симфонияны ең алғаш өткен жылдың қазан айында Астана қаласында тыңдады, сәл кейін ол туынды Лондонда ойналды.
Ал қазір Карл Дженкинс «Абай» сюитасын жазу үстінде. Бұл туралы аты әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев Семейге келген сапарында баяндады.
Марат БИСЕНҒАЛИЕВ, белгілі қазақстандық скрипкашы, дирижер:
– Менің ылғи да Семейге келгім келетін. Абайдың, Шәкәрімнің туған жерін көру көптен бергі арманым еді. Қазір менің досым, атақты ағылшын сазгері Карл Дженкинс «Абай» сюитасын жазып жатыр, оған дейін «Шәкәрім» симфониясын жазды. Ол туындының тұсауы Лондондағы корольдық фестиваль залында кесілді. Аталған шығарманы Битлзді жазған, атағы жағынан әлемдегі екінші саналатын Лондондағы Abbey Road деп аталатын студияда жаздық. Ал «Абай» сюитасының келесі жылы тұсауы кесіледі, содан кейін ол да әлемге таралады.
Әлемді мойындатқан қазақстандық скрипкашы-виртуоз Марат Бисенғалиев қалаға Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің арнайы шақыртуымен келді. Айта кету қажет, бұл – атақты дирижердің Семейге алғаш келуі. Дара талантымен танылған әлемдік музыка тарланы Марат Бисенғалиев №1 балалардың саз мектебінде болды. Өнердің қыр-сырына қанығып жүрген оқушылармен кездесті. Атақты музыканттың өнеріне сырттай қанық оқушылар оның қолтаңбасын алып, естелік суреттерге түсті. Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжінің ұжымы да скрипкашымен кездесті.
Ағылшын сазгері «Абай» сюитасын жазып жатыр
Последние статьи автора