Адам капиталына инвестиция салуға неге құлықсызбыз?
Қазақтың ұлттық байлық қорындағы адами капиталдың ахуалы «еңбегі адал, еті арам» есек секілді. Өндіріс, өнеркәсіптердің көпшілігі адам капиталына инвестиция салуға мүдделі емес. Сол себепті де елімізде адами капиталдың үлесі бар-жоғы 10-12 пайызды ғана құрайды екен. Бұл дегеніңіз – адам ресурсын экономиканы дамытуда толығымен қолдана алмай отырғанымыздың айғағы. Түсінікті тілмен айтқанда, қазақтың шығармашылық дарыны, таланты, қабілет-қарымы ел экономикасының игілігіне жұмсалмай келеді. Содан келіп, еңбек өнімділігі де төмен, өндірістің де өркені өспей тұр...
Экономистердің айтуынша, қазіргі заманғы әлемде еңбектің жоғары өнімділігі – бәсекелестік артықшылық. Мәселен, жоғары өнімділік арқасында өндірістік жағынан дамыған мемлекеттер көшін АҚШ, Франция, Германия бастап тұр. Оларға өндірістегі лайықты бәсекелес Ирландия, Бельгия, Люксембург пен Норвегия секілді елдер тағы бар. Ал Қазақстандағы еңбек өнімділігі олардан 3-4 есе кем, орта есеппен бір адамға біздің елде 30-40 мың АҚШ долларына тең болса, дамыған елдерде 200 мың АҚШ долларын құрайды.
Соның ішінде, еңбек өнімділігінің ең төменгі деңгейі – ауылда, яғни ауыл шаруашылығының бар ауыртпалығын көтерген шаруада. Мәліметтерге сенсек, ауыл шаруашылығында жылына бір адамға 3 мың АҚШ долларына жуық еңбек өнімі тең келсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 50-70 мың АҚШ доллары шамасында.
Ал сарапшылардың пайымдауынша, адам капиталының бір пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға арттырады екен. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономикадағы белсенді азаматтардың – 50%-ы, АҚШ, Жапония тұрғындарының үштен екісі ой еңбегімен айналысады. Күншығыс елінің екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күрт дамуының бір ұшығы да осы адами капиталда жатыр. Бізде ше? Қазақтың 47 пайызы ауылда екенін ескерсек, жағдайымыздың Жапониядай емес екенін ұғыну онша қиынға соқпайды. Қалада тұратындардың өзін бұл капиталды пайдаланып жүр деп айта алмаймыз. Ал ғылымның тынысы тіпті мәз емес. Мысалы, елімізде 1990 жылдары 41 мың ғылыми қызметкер болса, бүгінде ол көрсеткіш үш есеге азайып кеткен деген нақты дерек бар.
Тағы бір дерек. Дамыған мемлекеттерде жылдық табыстың 70 пайызы адам капиталынан – жаңа білім, ғылым, технологиядан түсіп отырғанын айтады отандық ғалымдар. Сонда қазба, табиғи байлықтың үлесі 25 пайыз ғана екен. Яғни олар: газ, мұнай, кен, өзге де қазба байлықтар. Неге? Талдап көрелік...
Ынталандыруға келгенде, өнеркәсіптерден қуса, құмалақ түспейді
Бұрын десеңіз, өткенді көксеген боласыз. Бірақ кешесіз бүгін жоқ екені тағы ақиқат. Бұрын еңбекті ынталандыру деген болатын. Қазір ол келмеске кеткен. Қызметкерлері мен жұмыскерлерін ынталандыру тұрмақ, тиісті айлығын бұлдап беретіндер көп. Адам ресурсының өзге елдегідей жетістікке жетпеуінің бір ұшығы да – осында. «Сананы тұрмыс билейді» деп Маркс айтпақшы, экономикалық әрі материалдық негізде ынта-ықыластан құр қалған адамнан қандай еңбек өнімділігін сұрауға немесе күтуге болады? Айтыңызшы. Жанын салып, бар қабілет-қарымын көрсете отырып, төккен тердің соған лайық өтеуі болмаса, ол құмға құйған сумен тең емес пе? Экономистер тілімен айтсақ, еңбекті ынталандыру – адамды өнімді әрі табысты еңбек етуге ықпал ететін бірден-бір күш.
Қуандық ТӘШЕНОВ, экономист-ғалым:
– Экономикалық ынталандыру – адамдарды өнімді әрі табысты еңбекке қызықтыратын, олардың мүдделік белсенділігін арттырудың әртүрлі үрдістері мен әдістерін қамтиды. Өндірістік қатынастар субъектілерінің мүмкіндіктерін толығымен пайдалану мақсатында қолданылатын, олардың экономикалық және әлеуметтік жауапкершіліктерін нықтайтын материалдық және материалдық емес тетіктердің жиынтығы.
Экономикалық ынталандырудың бір әдісі – ерекше сыйақы беру. Сыйақы беру жоғары өнімді және жоғары сапалы еңбекке ынталандыру, іс-әрекеттің түпкі нәтижесін жақсарту, кәсіпорын жұмыскерлерінің өмір сапасын көтеру мақсатында жүргізіледі. Сыйақы, еңбек мөлшері үшін алған ақыдан ерекше болуы тиіс. Ол қолпаштау сипатын иеленуі керек. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, адам капиталына жұмсалған инвестиция мен экономикалық өсім – сабақтас құбылыстар. Сондықтан экономикалық өсудің басты құралы – адам капиталына жұмсалатын инвестиция.
Өкінішке қарай, бүгінде бізде жағдай бұлай емес. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тан кеншілердің «Қорғау» кәсіподағы 53,6 миллион теңге талап етіп отыр. Бұл қаржыға кәсіподақ қызметкерлерінің айтуынша, компания кеншілерге арналған спорттық және мәдени-көпшілік шара ұйымдастыруы тиіс болатын. Ол міндеттемелерді компания 2011 жылы көмір өнеркәсібінің республикалық кәсіподағымен келісімге келгенде мойнына алған. Алайда «Қорғау» кәсіподағы ол міндеттер орындалған жоқ дейді. Кеншілерге арналған спорттық, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ түгіл, оған бір тиын да бөлінбепті.
Жұмысшы – құлақкесті құл емес
Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде интеллектуалдық әлеует экономикалық өсімнің іргелі көзіне айналғанын жоғарыда айттық. Демек, «экономиканың тиімді дамуын ынталандырудың экономикалық механизмі ғылымға, жаңа технологияға, жаңа білімге, адам капиталын нәтижелі қолдануға негізделуі қажет» дейді ғалымдар. Басында баспанасы жоқ, жалақысы жартымды емес жұмыскер ешқашанда еңбек өнімділігін арттыра алмайды да, әрі мүдделілік танытпайды да. Мынадай бір деректі оқығанымыз бар еді... Германияда жұмыс іздеуші адамға жұмыс беруші ең әуелі баспанасы, көлігі бар-жоғын сұрайды екен. Егер жоқ болса, жұмысқа қабылдамайды. Себеп... Себебі үй-күйі жоқ адам, көліксіз қоғамдық көлікпен жүретін адам еңбек өнімділігін арттыра алмайды екен олардың ойынша. Оның ол өнеркәсіпке берері жоқ деп бағаланады екен. Германияның осы өлшемімен алсақ, елде адамдық капиталдың қаншалықты деңгейде екенін аңғаруға болады. Екінің бірі баспанасыз. Егіздің сыңары жаяу жүр. Яғни олардың өзі еңбек етіп отырған ұйымға, өнеркәсіпке берері және аз. Өйткені оның басын жұмыстың жай-жапсары емес, тұрмыстық проблемалар жаулап алған. «Пәтерақыны, несиені қалай төлеймін? Бала-шағаның ішіп-жеміне жеткізе аламын ба, жоқ па?» деген сыңайлы. Ондай жұмысшы тек айлық үшін күн өткізеді. Айлық алғанын, жұмыстан шығып қалмағанын қанағат тұтуға мәжбүр. Неге десеңіз, еңбек ескерусіз, елеусіз қалып қояды. Оның салдары еңбек өнімділігіне тікелей әсер етуде.
Түйін
Ұзын сөздің тоқетері мынаған саяды. Жалпы, адам капиталының үлесі дамыған елдердегідей 70 пайыздан кем болмауы үшін, жұмысшы тек жегілген қара өгіз ретінде есептелмес үшін – оған әр ұйым, кәсіпорын инвестиция салуы тиіс. Қазір елді не алаңдатады? Баспана, еңбегіне сай жалақы. Осы екеудің түйінін сол жұмыс орнын ұсынып отырған ұйым шешсе, жұмыста да береке болары хақ. Айталық, Қарағандыда «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы «Қазмарганец» КБ-ы бұл ретте өзгеге өнеге бола алады. Бұл ұйым жұмысшыларын ынталандыруда, тіпті баспанамен қамтылуында өз мойнына алып отыр. Баспанасы бар, жалақысы еңбегіне сай адамға тек білек сыбана еңбек ету ғана қалмай ма?
Балдырған СӘРКЕНОВА, «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы «Қазмарганец» КБ баспасөз хатшысы:
– Вахталық тәсілмен жұмыс жасайтындар және басты әкімшілік кеңседегілер де компанияның жеңілдіктерін пайдалана алады. Оның ішінде әсіресе «Тұрғын үй» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. 2007 жылдан бері, жалпы, ENRC-тің құрамындағы барлық кәсіпорында әрекет ете бастаған бағдарлама бойынша білікті әрі компанияға еңбегі сіңген жұмыскерлермен қатар, жас мамандар да еңбек өтіліне байланысты, жылдық өсімі бар болғаны1 пайыздық пәтер ала алады. Негізінен, бұл бағдарлама компанияның әлеуметтік саясатының кілті болып табылады. Осы «Тұрғын үй» бағдарламасы аясында, Қарағанды бойынша 2009-2012 жылдар аралығында кен басқармасының 90-нан астам жұмыскері пәтерлі болды. Олардың дені – жас мамандар. Ал жүйені жаман деп кім айтады?
Дерек
Адами капитал – жұмыскердің еңбек ету мүмкіндігін, еңбегінің жемісті болуын, еңбек өнімділігі мен сапасын көтеруге бағытталған адамдарға салынатын капитал.