Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда...» деп келетін әдемі тіркес бар. Осы тіркестің де орнымен қолданылатын тұсы жақындап қалғанға ұқсайды. Олай дейтініміз – кеше Мәжілістің жалпы отырысындағы депутаттық сауалдардың алғашқысы қазақтың ұлы ханы – Абылайдың 300 жылдық мерейтойын өткізу турасында өрбіді. Депутат Тоқтарбай Қадамбаев пен қызылжарлық Жарасбай Сүлейменов қазақ ханының мерейтойын Тәуелсіздіктің шеңберінде, республика деңгейінде атап өту мәселесін көтерді.
«Алаш баласына Абылай ханның кім екенін айтып жатудың өзі артық. Ұлы Абай оны «Қазақ халқының қаһарманы» десе, Мағжан «Алаштың арыстаны – ер Абылай» деп жырға қосқан. Абылай, шын мәнінде, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін 40 жыл бойы күрескен ұлы тұлға. Оның қайталанбас асыл бейнесі ел басына күн туған, жоңғар шапқыншылығы өршіген, қазақ халқының тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған қиын-қыстау кезеңде жарқырай көрінді», – деп бастады сөзін Т.Қадамбаев. Депутаттың айтуынша, Қазақ хандығының мемлекеттігін нығайтуда, халықтың тірлігі мен бірлігін сақтап, ұлттық мақсатты жүзеге асыруға жұмылдырудағы Абылайдың қайраткерлігі шексіз. Расында, қазақтың бостандығы мен болашағына жол салған ірі тұлға, тар заманда билік тізгінін ұстап, ішкі һәм сыртқы саясатты дербес жүргізе білген Тәуелсіздіктің тұғырлы ханы. «Алдағы жылы ел мен жер қорғаны болған алып тұлғаның туғанына 300 жыл толғалы отыр. Бабамыздың үш ғасырлық мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы шеңберінде мемлекеттік деңгейде аталып өтілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің тұтастығы, ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалу үшін жаны мен арын аямаған Абылайдай асыл ердің сіңірген еңбегі мен ерлігі болашақ ұрпақ үшін мәңгілік мақтанышқа айналуы тиіс. Абылай ханға құрметті Тәуелсіздікке тағзым, ұлттық намысты ұлықтау, ата-баба аруағын сыйлау деп білеміз», – деді Т.Қадамбаев. Бұл ретте депутат ұлы ханның 300 жылдық мерейтойына байланысты қабылданған шешім туралы Үкімет басшысынан жауап күтетінін жеткізді.
Депутаттар Досқалиевтің денсаулығына алаңдайды
Жақында ғана үстінен қылмыстық іс қозғалған денсаулық сақтау министрі Жақсылық Ақмырзаұлының қазіргі халіне алаңдаушылық білдірген сауалға бас-аяғы 20-дан астам депутат қол қойыпты. Расында, кешегі әріптесінің бүгінгі «ауыр халге» түсуіне не себеп болғаны яки экс-министрге қандай нақты айып тағылғаны әзірше ешкімге мәлім емес. Дегенмен депутаттар еліміздегі «өз ісінің білгірі» саналатын азаматқа қатысты бұлайша шарт-шұрт әрекетті қатаң сынға алады. Бас прокурорға сауал жолдап, тергеу жүргізу туралы сұраудың себебі де – осы. «Қыркүйектің 26-сында ақпарат құралдарында денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы фактіге орай қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде хабар тарады. Сөйтсек, қыркүйектің 25-і күні Ж. Досқалиевті Қаржы полициясының сұраққа алуы кезінде инсульт алғаны белгілі болған. Алайда ол тек келесі күні, қыркүйектің 26-сында ғана сағат 15.40-та Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа комалық (коматозный) жағдайда жеткізілген. Біздің ойымызша, дер шағында медициналық көмек көрсетілсе, жағдай бұлай болмаушы еді», – деді сауалды жариялаған депутат Марал Итеғұлов. Ол Жақсылық Ақмырзаұлының білікті хирург екендігін, қандай қызмет атқарса да, хирургтік тәжірибесінен қол үзбегендігін айтып, дәрігер ретінде мыңдаған азаматтардың өмірін сақтап қалғанын еске салды. «Жақсылық Ақмырзаұлына деген қарым-қатынас та, көзқарас та басқаша болуы тиіс. Дәл сол кісі секілді жоғары білікті мамандар көп емес елімізде. Сонымен бірге денсаулығы мықты, күш-қуаты зор азаматты аяқастынан соншалықты ауыр халге түсіргені бізді алаңдатады. Оған неге дер кезінде медициналық көмек берілмеген. Осы жайтты тексеруіңізді сұраймыз», – делінген Бас прокурордың атына жолданған сауалда.
Аралды құтқару қазаққа ғана керек пе?
Осы отырыста Аралды құтқару қорының мәртебесі туралы келісім мақұлданды. Мәжілістің сүзгісінен өткен халықаралық келісімге Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары былтырғы сәуірде қол қойған екен. Орталық Азияның бес мемлекеті, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан үкіметтері арасындағы келісімде ең алдымен Халықаралық Аралды құтқару қорының мәртебесі айқындалады. Құжатқа сәйкес, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдері өз бюджеттерінің – 0,3 пайызын, ал Қырғыз бен Тәжік бюджетінің 0,1 пайызын Аралды құтқаруды қаржыландыруға жолдауы тиіс екен. Алайда көршілер тарапынан қаржылық міндеттемелердің толық орындалатынына қатысты күмән бар секілді. Басқасы былай тұрсын, бұған дейін кім не атқарды деген мәселе де өткір боп тұр. Мәселен, қазіргі күнге дейін Аралды құтқаруға әлем бойынша 1 млрд теңгеге жуық қаржы түскен көрінеді. Бірақ Халықаралық қордағы қаражаттың жұмсалуына қатысты мәселе жауапсыз күйінде қалды. Өйткені депутаттар алдында жоба туралы баяндаған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев қаржының жұмсалуы туралы сауалға жазбаша жауап бергенді жөн санайды. «Арал проблемасы – ғасыр проблемасы. Дегенмен істен сөз көп, қаражаттар да суға сіңгендей. Қазақстаннан басқа ешбір ел шешім қабылдауға, нақты шаралар атқаруға құлықты емес секілді. Бұрын солай еді, әлі де солай. Мәселен, басқасын былай қойып, Қырғыз еліндегі өткенде орын алған жағдайды алыңыз. Қырғызға көмектесеміз дегендер көп секілді еді, бірақ нақты көмекке келгенде, Қазақстаннан басқа ешкім міз бақпады. Өңшең былшыл», – деді мәселені төтесінен қойған депутат Владимир Нехорошев. Мәжіліс мақұлдаған келісім енді Сенаттың қарауына жіберіледі. Жалпы, келісім толық қабылданса, ондағы талаптардың толыққанды орындалуына құқықтық негіз жасалады. Сондай-ақ құжат Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық ахуалын жақсартуға тың серпін береді деп болжанады.
«Абылайдың асында шаппағанда...»
Последние статьи автора